ТЖСу тасқыны

Өңірде 79 елді мекенді су басу қаупі бар

Апат айтып келмейді! Дегенмен, қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қауырт маусымға сақадай сай отырсақ, айтпай келетін апаттың алдын алуға болады. Осы орайда жергілікті құтқарушылар тақымдарын қысып, жауапты науқанға дайындықтарын бастап кетті. Бүгінде өңірде 79 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл туралы журналистерге / өңірлік коммуникциялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында / Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Сәкен Ағзамов айтты.

Көктемнің ауылы алыс емес. Бұл мезгілді солтүстікқазақстандықтар асыға күтуде. Ал жергілікті құтқарушылар үшін ең қиын кезең басталмақ. Себебі, биыл қар қалың түсті әрі күзгі ылғалдың қоры әдеттегі нормадан біршама артық. Оның үстіне жердің қату тереңдігі 60-тан 150 см-ге дейін жеткен. Сондықтан, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тақымдарын қысып, жауапты науқанға дайындықтарын бастап кетті.

Сәкен Ағзамов – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысты. Солтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан осы 4 өзен жыл сайын арналарынан асып, жан-жақты басады. Ал наурыз айының екінші жартысында, яғни, қар еріген кезде оларға Ақан-Бұрлық, Жембарақ, Иман-Бұрлық, Бабық-Бұрлық сынды шағын өзендер қосылады. Осы және өзге де факторлар қызыл судың таралуына ықпал етеді.

Қызыл судың бас көтермеуіне жол бермес үшін құтқарушылар өткен маусымдардың тәжірибесіне сүйене отырып арнайы қорғану жоспарын әзірлепті. Ол 2021-2023 жылдарға арналған. Су тасқынының алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыру үшін 23,6 млрд теңге бөлінген.

Сәкен Ағзамов – СҚО ТЖД бөлім бастығы:


– Өңірде соңғы 3 жылда қорғану іс-шараларын іске асыру барысында 13 су өткізу құбыры орнатылды, 500 метрден астам құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 5,5 шақырымнан астам топырақ үйінділері нығайтылды. Сонымен қатар, су басу қаупі жоғары учаскелерде 119 км астам топырақ үйінділері мен 7,5 км қорғаныс бөгеттері салынды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 160-тан астам елді мекенде қауіп-қатер азайды.

Дегенмен де, биыл 79 елді мекенді су басу қаупі бар. Ол ауылдарда 6 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тұрады. Сондықтан, құтқарушылар тиісті шарараларды қолға алып, қауырт маусымға сақадай сай отыр. Облысымызда төтенше жағдай бола қалса, 155 бірлік техника, 8 бірлік жүзу құралы және 83 мотопомпа дайын тұр. Егер жағдай күрделене түссе, жергілікті атқарушы органдардан шамамен 1900 адам, 1473 машина, оның ішінде 316 су сорғыш қондырғы мен 57 бірлік жүзу құралы тартылатын болады. Сондай-ақ, 190 тонна жанар-жағармай, 32,4 мың тонна инертті материал және 27,8 мың дана қап дайындалды.

Ешкенова Дана