Ерiктiлер

Белсенді жастар 83 жастағы қарияға қолғабыс етті

Қазіргі таңда облыстық жастар бастамалары орталығында 30 волонтер бар. Жыл басынан бері / белсенді жандар  қаладағы 20-дан астам қарияның үйіне барып, көмек қолын созған. Еріктілер / өткен демалыс күндері де әдетті салттан жаңылмай, еңбек ардагері Василий Богуннің ауласын / қардан тазартуға көмектесті.

Демалыс күніне қарамастан қаладағы Новая көшесіндегі аулада қызу жұмыс жүріп жатыр. Волонтерлердің қолдарында күрек пен сыпырғыштары бар. Еріктілер 83 жастағы зейнеткердің ауласын қардан тазартуға келіпті. Василий Богун – еңбек ардагері. Жалғызілікті қария үйдегі оңай шаруаны өзі тындыруға тырысады. Ал даладағы жұмыстарды атқаруға қауқары жоқ.

Василий Богун – қала тұрғыны:

– Бізді ұмытпай, көмектесуге келген жастарға алғысым шексіз. Бүгін олар үлкен іс тындырды, өте қуаныштымын. Үй шаруасында қиындық туындаған кезде бірден еріктілерге хабарласамын. Сөзімді жерге тастамай, әрқашан қол ұшын созады. Ата-анасын, жақындарын, қарияларын сыйлайтын ұрпақ көп болсын дегім келеді.

Белсенді жастар Василий Богунның баспанасына алғаш рет келіп отырған жоқ. Олар бұған дейін де қарияның отын-көмірін тасысып, үй шаруасына қол ұштарын тигізіпті. Тіпті, қажет болса, дүкенге барып керегін әкеліп береді екен. Еріктілердің қатарындағы Александр Сивун мұндай шараға алғаш рет қатысып отыр.

Александр Сивун – волонтер:

– WhatsApp мессенджерінде өзіміздің тобымыз бар. Сол жерде еріктілермен кімге көмектесуге баратынымызды шешеміз. Жұмысқа қабілеті төмен зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдесу – ұлы іс деп білемін. Сондықтан, қатарластарымнан қалмай, мен де өз үлесімді қосуды жөн көрдім.

Игі шараға 3 ерікті ат салысуда. Олар Василий Богунның ауласын қардан тазартып, батасын алды. Белсенді жастар аптасына 2 рет көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесіп тұрады.

Әлфараби Мыңбай – облыстық жастар бастамалары орталығының консультант-талдаушысы:

– Біздің мақсатымыз – қаламыздағы жалғызбасты зейнеткерлерге көмектесу. Біз сол жандардың өтініштері бойынша қарларын тазалап, отынын жарып, суын тасып береміз. Әр кезде әр түрлі қоңырау келіп түседі.
Қалада өздері хабарласып шақыратын 100-ге жуық зейнеткер бар. Қалалық, облыстық және университеттің волонтерлері барып көмектесіп отырады.

Жалпы, қазіргі таңда облыстық жастар бастамалары орталығында 30 ерікті бар. Жыл басынан бері жанашыр жандар 20-дан астам үйге барып, көмек қолын созыпты. Игі шаралар легі алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Алтынай Қазиқан