Энергетика

Қаңтарда жылу құны неге көбірек шықты

Не себепті қаңтар айында жылуға әдеттегіден көбірек төледік? “Севказэнергосбыт” серіктестігіне қазір осындай сұрақтар жиі түсіп жатқан көрінеді. Тұрғындардың сауалдарына кәсіпорынның бас директоры Мағауия Сағандықов жауап берді.

Бұл – “Севказэнергосбыт” серіктестігінің колл-орталығы. Мұндағы 10 маман күн сайын 1 мыңнан астам қоңырау қабылдайды. Тұрғындардан түсетін сұрақтардың дені төлемақыға қатысты. Соңғы айда тұтынушылардың басым бөлігі қаңтарда жылудың құны неге өскендігін сұрап, наразылықтарын білдірген.

– Өткен айда жылудың бір шаршы метрі үшін 103 теңге төледім. Ал осы қаңтар үшін – 153 теңге. Бұл қалай болғаны сонда?

– Мен күнде далада серуендеймін. Сонда үнемі терезелердің ашық тұратындығын көремін. Себебі, баспана іші тым ыстық. Неге температураны соншалықты көтереді? Ақша босқа кетіп жатыр.

Осындай жазбаларды әлеуметтік желілерде көптеп кездестіруге болады. Тұрғындардың дені қаңтар айында әдеттегіден 2-3 есе көп төлем жасадық деп пікір қалдырыпты. Бұл ретте айта кетейік, өңірде жылу тарифы 2018 жылдан бастап көтерілген жоқ. Тұтынушылар әр гигакалория үшін 3398 теңге төлеп жүр. Бірақ, бұл сома тек жылу есептегіш құрылғылары барлар үшін ғана. Оны орнатпағандар 4264 теңгеден төлейді. Ал тұрғындардың қаңтар айы үшін төлемақы көлемі неліктен артты деген сұрағына “Севказэнергосбыт” серіктестігінің бас директоры Мағауия Сағандықов былай деп жауап берді.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директоры:

– Жылу есептегіш құрылғы сырттағы ауа температурасына байланысты ішкі температураны автоматты реттейді. Далада қаншалықты салқын болса, баспананы жылыту үшін соншалықты көп жылу бөлінеді. Осыдан 1 шаршы метрге бағытталған жылу құны да өзгеріп отырады. Қаңтар аязды болды. Сәйкесінше, төленетін соманың көлемі де артты.

Нысанды қаптау, құбырларды жуып-шаю және олардың қысымын тексеру. “Севказэнергосбыт” серіктестігінің бас директоры Мағауия Сағандықов жылуға шығындалмау үшін кезекті маусым алдында үйді дайындау керек дейді. Сонда әр ай сайын қалтаңыздан шығатын ақшаның көлемі төмен болмақ.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директоры:

– Тұтынушылар қазан-қараша айлары үшін түбіртекті көрсе, ондағы соманың желтоқсан мен қаңтарға қарағанда әлдеқайда аз екендігін байқай алады. Мәселен, күзде жылу есептегіш құрылғылары барлар 1 шаршы метр үшін 60-80 теңге төледі. Ал қаңтарда бұл көрсеткіш 140 теңгеден асты. Арнайы аппараты жоқтары үнемі 127 теңге төлейді. Яғни, соманың өзгеруі ауа температурасына байланысты.

Жалпы, бүгінде облыс бойынша тұтынушылардың 92%-ының жылу есептегіш құрылғылары бар.

Жанна Бисенова