Ерiктiлер

“Ыстық жүрек” акциясы өтті

Ыстық жүрек. Петропавлда осындай атаумен акция өтті. Игі шараны белсенді жастар мен ардагерлер кеңесінің мүшелері  бірлесіп ұйымдастырды. Олар коммуналдық кәсіпорын қызметкерлеріне аязды күнде ыстық шәй мен бауырсақ таратты.

Дәл қазір қала белсенділері -27 градус аязда еңбек етіп жүрген коммуналдық кәсіпорын қызметкерлеріне ыстық шәй мен тәттілер таратып жатыр. Облыс орталығының тазалағын қамтамасыз етіп жүрген жандар таңғы 7-ден бастап тер төгуде.

Елена Гаврилова – коммуналдық кәсіпорын жұмысшысы:

– Бүгін дала шынымен де суық. Ыстық шәй ішіп, біраз жылынып қалдық. Еңбегімізді бағалап, бізге көңіл бөліп жатқандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Осындай акцияларды жиі ұйымдастырып тұрса деген ниетім бар.

Іс-шараға қаламыздың белсенді жастары белсене ат салысуда. Жанашыр жастар шарапаты мол шараларды жиі өткізіп тұрады. “Игі іс жасаудан жалықпаймыз, адамдарды әрдайым қуантып тұруға тырысамыз”,- дейді еріктілер.

Әлфараби Мыңбай – облыстық жастар бастамалары орталығының консультант-талдаушысы:

– Ел Президенті Тәуелсіздік күніне орай “30 игі іс” атты акция бастаған болатын. Іс-шараға облыстық ардагерлер кеңесі мен жастар белсенді қатысып жатыр. Мұндай бастамаларды алдағы уақытта да өткіземіз. Тек коммуналдық кәсіпорын қызметкерлеріне ғана емес, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және қараусыз қалған балалрға да ұдайы қолғабыс етеміз.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық жастар бастамалары орталығының мүшелері ардагерлер кеңесімен бірге 10-ға жуық игі шара ұйымдастырған.

Сәуле Тахметова – облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Қалада “Қызылжар әйелдері” атты клуб бар. Оған жалғызбасты 20-ға жуық ана мүшелік етеді. Жаңа жыл қарсаңында балаларына сыйлықтар табыс еттік. Жастар бізді үлгі тұтады. Қанша жаста болсаң да үнемі біреуге көмек беруге ұмтылу керек.

Жалпы, шара ұйымдастырушылары бүгін коммуналдық кәсіпорын қызметкерлеріне 3 келі бауырсақ пен 6 литр ыстық шәй берген.

 

 

Жанна Бисенова