Көлік және жолдар

Өткен жылы СҚО-да мың шақырымға жуық жол жөнделген

Бүгін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өткен жылды қорытындылады. Атқарылған жұмыс жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында айтылды.

Мамандардың сөзінше, былтыр өңірдегі 9 мың шақырымға жуық жолдың жөнделіп-күтілуіне 35,5 млрд теңге бөлінген. Оның 17,6 млрд-ы республикалық бюджеттен бағытталыпты. 2020-да 500-ден астам трассаның сапасы тексеріліп, осындай көлемде олқылық анықталған. Дені нормадан ауытқуға қатысты. Былтыр облыста жалпы саны 150 елді мекенді қамтитын нақты 954 километр жол жөндеу көрген. Маңызды шаруа биыл да жалғасады.

Болатбек Айтбаев – “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры:

– Өткен жылы М. Жұмабаев ауданындағы Возвышенка ауылының айналма жолында 3 шақырым учаскеде күрделі жөнде жұмысы басталды. Петропавл қаласының айналма жолына жобалық-сметалық құжаттама жасалды.

Мақсат Баяхмет – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңірдегі жолдарды күтіп-ұстауға биыл 7,8 млрд теңге бөлінді. Облыстағы трассалардың жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Өткен жылы жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп бағаланған жолдардың саны 70 пайызға жақындады. Бұл көрсеткішті 2025 жылға дейін 95%-ға дейін жеткізуіміз керек.

Бисенова Жанна