Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов есеп берді

Пандемия өңір экономикасына қалай әсер етті? Тұрғындарды қандай мәселелер толғандырады? Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың онлайн есептік кездесуі өтті. 2 сағатқа созылған жиында өңір жұртшылығынан 30-дан астам өтініш-тілек келіп түсті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2020 жыл бүкіл әлем үшін пандемиямен есте қалмақ. Былтыр қиындыққа толы жыл болды. Осыған қарамастан біз экономиканың дамуын сақтап қалдық. 12 айдың қорытындысы бойынша оң көрсеткіштер тіркелді. Нақтылап айтсақ, ауыл шаруашылығында өсім – 101%, өнеркәсіпте – 104,8%, инвестицияда – 120,5%, құрылыста – 111,2%, баспана салуда 122,4% құрады.

Енді әр салаға жіті тоқталайық. Өткен жылы 779 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 90 млрд теңгеге асып түсті. Соңғы 5 жылдағы өсім 1,8 есеге артқан. Осы орайда аймақ басшысы алдағы уақытта агроөнім көлемін 1 трлн теңгеге дейін жеткізу қажеттігін атап өтті. Басты міндеттердің бірі – сүт бағытын дамыту. Өлкеде 3 жыл ішінде 12 сүт фермасы іске қосылды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын тауып, 16 сүт кешені ашылмақ. Сондай-ақ, етті бағытта да атқарылып жатқан іс аз емес. Өткен жылы Қызылжар ауданында су жаңа ет фермасы жұмысын бастады. Тағы биыл 2 бордақылау алаңы салынуда. Олар Уәлиханов және Ақжар аудандарында орналасқан. Сондай-ақ, бройлер құс фабрикасының құрылысы бойынша жоба әзірленіп жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Экономиканың толыққанды дамуы үшін бір аграрлық сала жеткіліксіз. Сондықтан, өзгеде бағыттарды қамтуымыз қажет. Біз қазір экономиканы аграрлық саладан аграрлық-индустриялық экономикаға айналдыру міндетін алға қойып отырмыз. Ол үшін перспективалық инвестициялық жобалар іске асырылуда. Өткен жылдың өзінде бірқатар зауыттар мен фабрикалар іске қосылды. Нәтижесінде 13 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды.

Сондай-ақ, былтыр өңірде дата-орталық пен кірпіш зауытының құрылысы басталған болатын. Нысандар әлі салынып жатыр. Бұдан бөлек алдағы уақытта қағаз өнімдерін шығаратын фабрика мен көкөніс өсіруге арналған ауқымды жылыжай кешені тұрғызылатын болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Соңғы жылдары өңірде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе, Петропавлда. Былтыр шаһарда көпқабатты 24 үй салынды. Нәтижесінде 12 мыңнан астам солтүстікқазақстандық қоныс тойын тойлады. Өткен жылы облыс орталығында 48 құрылыс алаңында жұмыс жүргізілсе, биыл бұл көрсеткіш 56-ны құрайды. Көбіне Жас өркен, Береке ықшам аудандары мен Уәлиханов көшесі бойында көпқабатты үйлер салынуда. Алдағы уақытта Қапай және Набережный шағын аудандарында да құрылыс жұмыстары бастау алмақ.

Құрылыс жұмыстары облыс орталығында ғана емес, аудандарды да қамтыды. Өткен жылы елді мекендерде 609 үй салынды. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Осы орайда айта кетейік, былтыр ауылдарда 3 мыңға жуық үй таза ауыз сумен қамтылды. Ал биыл мұндай мүмкіндікке 3 жарым мыңнан астам отбасы ие болады. Тағы 70-тен астам ауылдың көшелері көркейді. Бұл мақсатқа өңір бюджетінен 5,8 млрд теңге бағытталыпты. Облыстық маңыздағы мың шақырымға жуық жол жөндеу көрген. Білім саласына қатысты да біраз шаруа тындырылыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыстағы мектептердің 61 пайызы 50-ші-80-ші жылдары салынған. Білім ұяларын күрделі жөндеуден өткізуге, жаңа оқу ошақтарын салуға соңғы 2 жылда қомақты ақша бөлінді. Мектептер мен балабақшалар бейнекамералармен қамтылды. Жылдар бойы шешілмей келген оқушы тасымалдау мәселесі де біржақты етіледі. Биыл білім ұяларына тағы 18 көлік сатып аламыз. Былтыр қаладағы 4 колледж соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтылды. Биыл 5 ауылдық колледж жабдықталмақ. Жалпы, 2021-де білім саласын қаржыландыруға 95 млрд теңге бөлініп отыр.

Өткен жылы денсаулық сақтау саласында құрал-жабдықтарды жаңартуға баса назар аударылып, 12 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 4 есеге көп. Нәтижесінде өңірдегі ауруханаларға бірнеше заманауи медициналық аппараттар сатып алынған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы жылдың сәуір айында онкологиялық орталыққа заманауи МРТ қондырғысы жеткізілмек. Томотерапия аппаратын орнату да жоспарланып отыр. Бұл – онкологиялық ауруларды емдеуге арналған ең заманауи құрылғы. Біздің елімізде мұндай аппарат Нұр-Сұлтан қаласында ғана бар. Бірінші қалалық емханаға цифрлық маммограф сатып алынады. Ал облыстық көпбейінді балалар ауруханасына компьютерлік томограф орнатылады. Биыл Береке ықшам ауданында жаңа емхана ашылады. Мұндай емдеу мекесі Жас өркенде де бой көтермек.

Құмар Ақсақалов атқарылған жұмыстар мен жоспарды баяндап болған соң тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Брінші мәселе Явленка-Сергеевка трассасына қатысты. Бұл бағыттағы жол біраз жылдардан бері жөндеуді қажет етеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Явленка-Сергеевка бағытындағы тарсса – республикалық маңыздағы жол. “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін бұл жолды жөндеу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Министрлікте де бұл мәселені көтердім. Себебі, бұл трасса жақсы болуы тиіс.

Жолданған сұрақтардың арасында емханадларда талон арқылы кезек алу жайлы да сөз қозғалды. Тұрғындардың сөзінше бұл үрдіс ұзақ уақытты алады. Процедураны қалай да болсын жеңілдетуге бола ма деп сұрады. Сұраққа облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев жауап берді. Айтуынша мәселе цифрландырудың арқасында шешіледі.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– В этом году эту работу начнём. Ко второй половине года мы обеспечим поликлиники, чтобы онлайн. Это не сложно.

Ал Тимирязев ауданындағы қос қабатты үйлердің тұрғындары баспаналарын қыс бойы радиатормен жылытып келеді. Үйдегі температура 9 градустан жоғары көтерілмейді екен. Салдарынан жергілікті ағайын электр энергиясына біраз шығындалуда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Это безобразие. Аким района должен разобраться, почему такое произошло. Более того, за несоблюдение температуры, людям надо компенсировать затраты.

Екі сағатқа созылған есеп беру жиынында өңір жетекшісіне 30-дан астам сауал келіп түсті. Дені тұрғын үй кезегі, жол, су, интернет, денсаулық сақтау саласы мен білімге қатысты.

 

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана