Білім

Мұғалімдерге арналған консультативтік-кеңесші орган құрылды

Педагогтардың мәртебесін көтеріп, абыройын арттыру. Осындай мақсатта елдің Білім және ғылым министрінің тапсырмасымен облыстық  білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінде  консультативтік-кеңесші орган құрылды. Бүгін аталған ұйымның алғашқы отырысы өтті.

Баян Ахметова – педагогикалық еңбек ардагері. Ол мұғалімдік жолды 81-ші жылы Уәлиханов ауданында бастапты. Содан бері оқушыларға бар білгенін үйретіп келеді. Және ең бастысы – облыстағы білім сапасын арттыруға өз үлесін қосуда. Нәзікжанды зейнетке шыққанына қарамастан әлі күнге дейін ұл-қыздарға сабақ беруден жалықпаған. «Жаңадан ашылған орган қоғамдағы педагог мәртебесін арттыруға септеседі»,-дейді.

Баян Ахметова – педагогикалық еңбек ардагері:

– Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі тарапынан мұғалімдердің мәртебесін арттыру бойынша бірталай жұмыс атқарылып жатыр. Бұл жайында заңға да енгізілді. Осы заң бойынша ұстаздар өз құқықтарын қорғай алады.

Педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші орган өз жұмысын
былтыр Нұр-Сұлтан қаласында пилоттық режимде бастаған болатын. Жоба оң нәтиже беріпті. Сол себепті, мұндай ұйым Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың тапсырмасымен барлық облыстарда құрылуда. Бұл орган ұстаздардың педагогикалық әдеп нормаларын сақтауын қадағалаумен айналысады. Сондай-ақ, мұғалімдердің құқығы да назардан тыс қалмайды.

Айнагүл Сұрағанова – СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:

– Бұл органға 11 адам мүшелік етеді. Оның ішінде облыстық, қалалық мәслихаттардың депуттары, педагогика саласының ардагерлері, кәсіподақ ұйымының мүшелері, қалалық білім бөлімінің қызметкерлері кіреді.

Балаларды білім нәрімен сусындатып жүрген мамандар кез келген жағдайға тап болуы мүмкін. Мәселен, ата-аналар немесе басшылық тарапына түсініспеушілік орын алып жатады. Мұндай жағдайда алдымен мектептегі педагогикалық этика кеңесіне жүгінуі керек. Егер мәселе шешемін таппаса, онда консультативтік-кеңесші органға хабар бере алады.

 

 

 

Казиканова Алтынай