МТРА жаңалықтары

Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғандарына – 32 жыл

Ақпанның 15-сі күні  Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғандарына 32 жыл толады. Тарихи датаға орай бүгін қаладағы Әскери-техникалық мектепте жиын өтті. Іс-шарада интернационалист жауынгер Жайлау Шәріпов ер міндетін өтеп жүрген жастарға  бастан кешкен оқиғаларын айтып берді.

1979 жыл, желі сүйектен өтетін желтоқсан айы. Қыстың басында Кеңес әскерлері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жалынды жастар аяқасты Ауған жеріне аттанады. Ауғанстандағы ішкі қақтығыстардың ушыққаны соншалық, кеңестік сарбаздардың араласуына тура келеді. Интернационалист жауынгерлердің арасында жерлесіміз Жайлау Шәріпов те болған. Ол кезде ағамыз 18 жастан енді асыпты.

Жайлау Шәріпов – Ауған соғысының ардагері:

– Ауған соғысы басталғанда өңір аумағынан 120 әскерге шақыртушы кеттік. Олардың 40-қа жуығы Отар станциясында қалды. Қалғандары Қырғызстанның Ош қаласына аттанды. 860-шы атқыштар полкінің, 3-ші миномет батальонында болдым. Біз Панер тауын күзеттік.

Мектеп бітіре сала, әскерге, одан Ауғанға аттанған Жайлау Шәріпов жат елде 1 жыл 7 ай болыпты. Осы уақытта талай қиындықты бастан өткерген екен. Интернационалист жауынгердің қанды алғаш көрген күні әлі есінде. Жолдастары да мәңгі жадында. Олардың кейбірімен әлі күнге дейін араласып тұрады екен. Жайлау Шәріповтің әңгімесін қаламыздағы Әскери-техникалық мектебінде ер міндетін өтеп жатқан жігіттер ұйып тыңдап отыр. Өз кезегінде сарбаздар Ауған соғысының ардагеріне құрмет көрсетіп, жауынгерлік әндерді де орындап берді.

Қалиолла Саутбеков – ҚР ҚМ әскери-техникалық мектебі Петропавл қаласындағы филиалының директоры:

–  Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шыққандарына 32 жыл толып отыр. Тарихи датаға орай осы жерде жиналып отырмыз. Тағдырдың қиындығына төзе біліп, сан қилы жолдарды жүріп өткен ардагерлерімізді Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар, жастар білулері қажет. Оларға барынша құрмет көрсетуге міндеттіміз.

Ауғанстандағы соғысқа 22 мың қазақстандық қатысқан. Мыңға тарта отандасымыз көз жұмып, 2 мыңға жуығы түрлі дене жарақатын алған.

 

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев