Мәдениет

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туындылары онлайн-көрмеде таныстырылды

«Халықтың дана ақыны». Осындай атаумен Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалалар мен жасөспірімдер кітапханасында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған онлайн-көрме ұйымдастырылды.

Шарада көрермен назарына ұлы тұлғаның танымал еңбектері ұсынылды. Сондай-ақ, “Жамбыл – менің жай атым, халы – менің шын атым” деп жырлап өткен атамыздың өлеңдері туралы айтылды. Жыр алыбының туындылары дегенде ойымызға бірден «Ленинградтық өренім!» еске түседі. Жігерді жанып, қайратты қайрайтын шығарма жау құрсауында айлап қалған тұрғындарға арналғаны мәлім. “Бұл өлең әрбір адамның, әсіресе, өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастырады”,- дейді қара шаңырақтың бөлім жетекшісі Шынар Жантаева. Жамбыл Жабаевтың айтыстары – бөлек тақырып. Мерейтой иесі сөз сайыстарында түрлі мәселелерді тілге тиек еткен. Оларды оқыған, тыңдаған жастар, жас ақындар сөздік қорларын арттырып, ой-өрістерін кеңейтетіні сөзсіз.

Шынар Жантаева – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК бөлім жетекшісі:

– Бүгін біз жыраудың кіптарын “Өлеңдер”, “Айтыстар” және “Дастандар” бөлімдеріне бөліп, көпшілікке ұсынып отырмыз. Жамбыл атамыздың шығармалары 50-ден астам тілге аударылған. Соның ішінде “Жамбыл әлемі” атты поэзия жинағы да бар. Оны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқуға болады. Біздің мақсатымыз – жас буынға тау тұлғаның сақталып қалған туындыларының құндылығын насихаттау.