Құқық қорғау органдары

Жамбыл ауданында шаруа қожалықтарының басшылары төрт түліктерін чиптеуде

Өңірде мал ұрлығын тыю мақсатында заманауи әдіс қолданылуда. Жамбыл ауданындағы шаруа қожалықтарының басшылары  төрт түліктеріне чип тағып жатыр. Кейін оның қайда жүргенін телефон арқылы бақылауға болады.

Жамбыл ауданында 90 мыңға жуық мал басы бар екен. Оның 11 мыңнан астамы – жылқы. Өткен жылы аудандағы шаруа қожалықтары төрт түлікті чиптеуді бастаған. Мұндай таңбалаудың тиімді тұстары көп дейді. Электронды чип арқылы мал ұрланған ба, иесі кім, қай аудандыкі екенін анықтауға болады. Ал Айыртау ауданындағы “Шатило и К” серіктестігінің басшысы Олег Адамов “электронды бақташы” деп аталатын заманауи жүйені қолдануда. Ол мыңнан астам малын төмен жиілікті кернеулі сыммен қоршалған жерде бағады. Тәртіп сақшылары мұндай әдістің қауіпсіз әрі тиімді екенін айтуда.

Рустам Мәнбетеев – Жамбыл ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары:

 – Пресноредут ауылдық округі әкімінің аппаратымен бірлесе жылқыларға чип қою бойынша пилоттық жоба басталды. Мысалы, «Турнов» шаруа қожалығында 500 жылқы бар, оның басым бөлігіне чип қойылған. Автономды іздеу құрылғылары үйірді алып жүретін айғырлардың мойын қарғыларына салынған. Енді автономды іздеу құрылғылары иесінің ұялы телефонына қосылған, оның көмегімен жылқыларының жүрген жерлерін, алған бағыттарын қадағалап тұрады.

Жалпы, өткен жылы Жамбыл ауданында мал ұрлығына қатысты 2 факті тіркелген. Оның біреуі ғана ашылған. Барымташылықты тыю мақсатында чип қолдану әдісі тиімділігін танытады деген сенімде тәріп сақшылары.

 

 

 

Ешкенова Дана