МТРА жаңалықтары

Жабайы жануарлардың қысқы тіршілігі

Есіл ауданындағы “Красный бор” мекемесінің аумағын кем дегенде 4 жарым мың жабайы жануар мекен етеді. Солтүстікте 6 айға созылатын қыстың соңына жақын елік, марал мен қабан қолдан қоректендіріледі. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 20 млн теңге бөлінген.

 Маржан Қасымбек – тілші:

– Солтүстік Қазақстанның ауа райын алдын ала болжау қиын. Мәселен, өткен сенбіде күтпеген жерден күн жылыды. Ал жексенбіден бері қыс қаһарына мінді. Сәйкесінше, молынан жауған әрі еріген қардың беті қатып, жабайы жануарлардың азық табуы қиындады.

Мұндай жағдайға «Красный бор» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері ақ ұлпа алғаш түскен күннен жіті дайындала бастапты. Мамандар орманның маңындағы қарды тазалап, арнайы жол салған. Осылайша, ақ көрпенің астында қалған шөптердің беті ашылыпты. Бұл азықпен көбіне еліктер қоректенеді. Ал маралдар арнайы шашылған жемді келіп жейді.

Николай Гусельников – «Красный бор» КММ директоры, Есіл ауданы:

– Жануарларды тәулігіне 2 рет қоректендіреміз. Елік пен маралға күніне – 150, ал қабанға 300 грамнан жем беріледі. Сондай-ақ, қайың ағашының бұтақтары мен жапырақтары да бар.

Төрт аяқтылар өте сезгіш әрі үркек келеді. Бастапқыда қорыққандықтан ба, бізді жандарына жолатпады. Адам саны сиреген соң ғана қолыма арпа алып, жақындап көрдім. Мен ұсынған азықты тұяқтылардың тек біреуі ғана қабыл етті. Мұндағылар оны «Миша» деп атайды. Қонақжай марал сипағанды, еркелегенді ұнатады екен. Табиғат сұлулары бізден сескенгенімен, күнде жем-шөп беретін мамандарды жақсы таниды.
Қызметкерлер шелек ұстап келсе болды, бәрі бір топ болып үйіле қалады.

Николай Гусельников – «Красный бор» КММ директоры, Есіл ауданы:

– Мекемеде 6 инспектор қызмет етеді. Шаруаның барлығы осы жігіттерге сеніп тапсырылған. Мамандар кей кезде күн батқанға дейін істің барлығын тындырып үлгермей жатады. Салдарынан түні бойы еңбектенуге тура келеді. Сондықтан, бізге тағы бір жұмыс күші аса қажет болып тұр. Осыған дейін бірнеше рет хабарландыру таратып, жастарды шақырттық. Бірақ, ешкім келгісі келмейді.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Мамандар аптасына 1-2 рет елік пен маралға тұз береді. Айтуларынша, бұл – олардың ең сүйікті азығы. Тұз жануарлардың ағазасында тапшы дәрумендердің орнын толтырады. Сондай-ақ, мүйізін берік әрі сымбатты етеді.

Ал қабандар негізгі базада емес, мүлде бөлек жерде қоректендіріледі. Қашанда ашулы қабақ танытатын жануарлар 10-15 шақырым жердегі өзен-көлдің жағасында жүреді екен. Оларға жақындау аса қауіпті. Кез келген сәтте шабуыл жасауы мүмкін. Қорықшылар тұяқтылардың бұл мінезін жақсы біледі. Сондықтан, барынша мұқият болуға тырысады. Азықты тек қарда жүргіш техникамен жеткізеді екен.

“Красный бор”-да жануарларды азықтандыруға арналған 5 орын бар. Қабан, елік пен марал наурыз айының соңына дейін қоректендіріледі. Ол үшін 250 тонна шөп, 8 мың бума қайың жапырағы, 59 тонна жем әзірленген. Мұнда марал санын көбейту үшін жақында Ақмола облысынан осындай тағы 10 жануар жеткізілмек. Бұл төлдеу кезінде мутация орын алмасы үшін жасалады. Жалғыз мәселе бұл ғана емес. Былтыр мемлекеттік мекеме аумағында заңсыз аң аулауға қатысты фактілер жиілеген көрінеді. 12 айда 60 әкімшілік материал жинақталған.

Ерлан Тәшімов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Егер біреу орман жануарларының өміріне қауіп төндіруге оқталса онда ескерту жасалады. Ал ешқандай құжатсыз аңшылық құрса әрі сайын даланың сұлуларын атса, қомақты көлемде айыппұл салынады. Мұндағы әр жануар – қорықшылардың жіті бақылауында.

Салынатын айыппұлдың көлемі – 5-тен 250 АЕК-ке дейін. Жалпы, “Красный бор”-дың аумағы 60 мың гектардан асады. Былтыр мұндағы төрт аяқтылардың саны 4 жарым мыңнан асқан еді. Биыл санақ әлі жүргізілмепті.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек