COVID-19: Қазақстан

Вакциналау науқаны жалғасуда

Екпе егу – ел аузында жүрген өзекті тақырып. Соңғы он күнде 1 мыңнан астам солтүстікқазақстандыққа вакцина егілген. Оның басым бөлігі – медицина қызметкерлері. Облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының өзінде 30 маман екпе қойдырып үлгерген.

Жұлдызбек Серіков жедел жәрдем қызметінде 7 жыл бойы еңбек етеді. Тәжірибелі маман күн сайын түрлі науқаспен тілдеседі. Коронавирусы бары қаншама. Оны жұқтырып алу қаупі де жоғары. “Бұл ретте өзгелерді емдеймін деп өз денсаулығыңды назарсыз қалдыруға болмайды”,- дейді Жұлдызбек Серіков. Сол себепті, жуырда COVID-19-ға қарсы вакцина салғызған.

Жұлдызбек Серіков – облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының фельдшері:

–  Вакцина қойылғаннан кейін кешке қарай менің дене қызуым 38-ге дейін көтерілді. Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Басым ауырып, әлсіздік те болды. Кейін дәрі-дәрмек қабылдап, денсаулығым қалпына келді. Менің ойымша, вакцина – медицина қызметкерлері үшін керекті шара. Себебі, біз күнде түрлі шақыртуларға барамыз.

Коронавирусқа қарсы вакциналау 2 кезеңмен жүзеге асырылады. Екінші доза алғашқысынан тура 21 күннен кейін қойылуы керек. Бұл – міндетті шара. Себебі, тек сол кезде ғана екпенің әсері күшейіп, коронавирусқа қарсы иммунитет нығаяды. “Дәл осы иммунитет 2 жылға дейін сақталуы мүмкін”, – дейді мамандар.

Владимир Жужгов – облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Екпе егілгеннен кейін адам өзін нашар сезінсе, оған аурулық қағаз беріледі. Екпені алу-алмау – адамның өз еркі. Кейбіреуіне вакцина жақпай қалуы да мүмкін. Ол үшін міндетті медициналық тексерістен өтеді.

Вакциналаудан өткеннен кейін бірқатар шараларды сақтанған жөн. Мәселен,
екпе егілген жерге 3 күн бойы су тигізуге болмайды.

Владимир Жужгов – облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Дұрыс тамақтану қажет. Ішімдік ішпеу керек. Ол иммунитеттің кері әсерін тудыруы мүмкін. Денсаулығыңыз нашарлаған жағдайда бірден дәрігердің көмегіне жүгіну қажет.

Бүгінде облыстық жедел медициналық жәрдем орталығында орталығында 300-ге жуық маман еңбек етеді. Оның 30-ы вирустан қорғайтын вакцина қойдырған.

 

 

Бисенова Жанна