ТЖ

Тілсіз жау Булаево қаласында 4 адамның өмірін жалмады

Бүгін Мағжан Жұмабаев ауданында үй өртеніп, 4 бірдей адам қаза тапты. Қайғылы жағдай Булаево қаласында болды. Құтқарушылар  жас ерлі-зайыпты мен олардың кішкентай балаларының өлі денелерін ғана тапқан. Тағы бір адамның кім екені анықталып жатыр. Өрттің неден шыққаны, әзірге, белгісіз.

Өрт сөндірушілерге хабар таңғы сағат 7-лерде түскен. Оқиға орнына жеткен кезде үй тұтас лапылдап жанып жатқан. Біраздан кейін газ баллоны жарылған.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Өртті құтқарушылар ауыздықтап жатқан кезде 4 адамның мәйітін тапты. Белгілі болғандай олар – ерлі-зайыпты мен олардың 4 жастағы баласы. табылған 4-ші адам анықталып жатыр. Жақын туысы болуы мүмкін.

Ерлі-зайыптылар 28-29 жаста, ал ұлдары небәрі 4 жаста. Қаза тапқан ерлі-зайыптының тағы 7 жасар қыздары бар екен. Абырой болғанда ол өрт орын алған күні әжесінің үйінде болған. Қазір жеткіншекпен психологтар арнайы жұмыс жүргізуде.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Бізге өрт туралы хабар кеш түсті. Әйтпегенде дер кезінде өртті сөндіріп, үйдің ішіндегі адамдарды құтқарып қалуға мүмкіндік болар ма еді. Өрттің неден шыққандығы белгісіз.

Мамандардың тұспалдауынша өрттің шығуына жанып тұрған пеш себеп болуы мүмкін.

 

 

Алдияр Айтпаев