Қоғам

Білім беру саласында жемқорлықтың алдын алу

“Адал ұрпақ”, “Саналы ұрпақ”. Облыста жас буын мүшелік ететін осындай 500-ге жуық ұйым бар. Мақсат – біреудің ала жібін аттамау туралы түсінікті  ерте қалыптастыру. Білім саласында  жемқорлықпен күрес бағытындағы шаралардың тиімділігін арттыру мәселесі  Қозыбаев университетінде өткен жиында талқыланды.

Жиынды Kozybayev университетінің жаңа ректоры Ерлан Шуланов ашты. Ол оқу ордасында жемқорлыққа қарсы ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын баян етті. Университет “Академиялық адалдық лигасы”-на 2018 жылдан мүшелік етеді. Дәл сол жылы мұнда “Sanaly urpaq” жобалық кеңсесі де құрылған болатын. Сәйкесінше, бармақ басты, көз қыстылықты жоюға бағытталған шаралар тұрақты түрде жүзеге асырыла бастаған.

Ерлан Шуланов – Kozybayev University басқарма төрағасы-ректоры:

 – Университетте “Құқық негіздері және жемқорлыққа қарсы мәдениет” пәнінен дәріс оқылады. Қысқы сессия кезінде 20 ерікті “Таза сессия” атты акцияға қатысып, емтихан тапсыру үрдісінің ашықтығын бақылады. Бүгінде емтихан сайын студенттер арасында сауалнама жүргізіліп тұрады. Соңғысына 2 мыңға жуық адам қатысты. 87%-ы парақорлық фактілеріне тап болмадым деп жауап берген.

Ерлан Шуланов жемқорлықтың алдын алу мақсатында университетте сенім нөмірі мен сенім жәшіктері бар екендігін де тілге тиек етті. Сенім жәшігіне өткен жылы 16 өтініш түскен. Нәтижесінде академиялық адалдық пен этикалық кодексті бұзуға қатысты 8 материал тіркеліп, университеттің 4 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның үшеуі – оқытушылар.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жемқорлыққа қарсы күрес барысында мынаны ескерген жөн: парақорлықтың салдарымен емес, оның туындау себептерімен жұмыс істеу керек. Әсіресе, білім саласына тиісті назар аудару қажет. Осы орайда Антикор орталығы өңірдің барлық білім беру ошақтарымен бірлесе жұмыс істейді.

Яғни, парақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мектеп қабырғасынан бастау алады. Бұл ретте ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру қажет дейді жиынға қатысушылар. Осы орайда қоғамдық індетке қарсы шаралар өңірдегі білім ошақтарында тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.

Татьяна Протопопова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңірде оқушылардың “Адал ұрпақ” клубы жұмыс істейді. Оған 22 мыңнан астам шәкірт мүшелік етеді. Ұйым белсенділері өздері білім алатын мектепте тақырыптық дебаттар, парақорлыққа қарсы форумдар, тәрбие сағаттарын, қойылымдар мен концерттерді ұдайы өткізіп тұрады.

“Адал ұрпақ” клубтары облыс бойынша 465 мектепті қамтыған, ал 21 колледж бен өңірдегі жалғыз университетте “Саналы ұрпақ” жобалық кеңсесі жұмыс істейді.

 

 

 

Бисенова Жанна