COVID-19: Қазақстан

Мониторингілік топ қаладағы ауруханаларды тексерді

Ауруханаларда кадр тапшылығы бар ма? Дәрі-дәрмек жеткілікті ме? Науқастар көрсетілген көмекке риза ма? Осыны анықтау үшін бүгін Антикор орталығының өкілдері мен санитарлық мамандар бірге  қаладағы емдеу мекемелерін аралады. Мақсат – жергілікті медициналық қызметтің сапасын тексеру.

Мониторингілік топ алдымен №1 қалалық ауруханаға бас сұқты. Мұнда еш олқылық анықталмады. Дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Препараттардың бірнеше айға жететіндей қоры бар әрі ол үнемі толығып тұрады. Емдеу мекемесі 180 орынға шақталған. Қазір 100-ге жуық науқас ем қабылдап жатыр. 10 адамның жағдайы аса ауыр деп бағалануда.

Артем Колесник – №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– Ауруханада науқас санының өсімі өткен жылдың шілде-тамыз, кейін қараша-желтоқсан айларында байқалды. Бұл кездері біз тәулігіне 25 адам қабылдайтынбыз. Қазір – 8-9 адамнан. Яғни, емделушілер санының азаюы байқалады. Бұған карантин қағидаларының қатаңдатылуы себеп деп санаймын.

Артем Колесник ауруханада кадр тапшылығының жоқ екендігін де тілге тиек етті. Мұндағы 100-ге жуық медицина қызметкері ауысыммен еңбек етеді. Олар арнайы қорғаныш формасын киіп қана жұмыс істейді. Одан бөлек, жақында мамандардың бір бөлігіне коронавирусқа қарсы вакцина егілген.

Артем Колесник – №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

–  Өткен аптада біздің ауруханада вакциналау науқанының 1-ші кезеңі бастау алды. Әзірге, 60-қа жуық адам екпе алды. Процедурадан кейін қызметкерлер тарапынан шағым болған жоқ. Барлығының денсаулығы жақсы күйде. Иммундау шарасының екінші кезеңін ақпанның 21-інде бастау жоспарланып отыр.

Келесі нысан – қаладағы жаңа модульдік инфекциялық аурухана. Мұнда да еш олқылық тіркелген жоқ. Ғимарат 200 орынға шақталған. Қазір мұнда covid-19-ды жұқтырып алған 84 науқас ем алуда. Биылдың өзінде емдеу мекемесінен 400-ден астам адам жазылып шыққан екен. Палатада екі кісіден жатады. Сәйкесінше, әрқайсысы өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтамасыз етілген. Науқастар дәрігерлерге алғыстарын білдірді.

Александр Подсушкин:

–  Аурухана ұжымы науқастарға зор жауапкершілікпен қарайды. Сұрақтарыма дер кезінде жауап береді, әрдайым қолғабыс етеді. Палата іші жылы әрі таза. Уақытында тамақтандырады. Келгенде денсаулығым нашар болған еді, қазір өзімді едәуір жақсы сезінемін.

Науқастар өздерінің шағымдарын ауруханадағы арнайы кітапшаға жазып қалдыра алады. Одан бөлек, алдағы уақытта әр палатаға QR код тағайындау жоспарланып отыр. Ұялы телефонмен оны сканерлеп, көрсетілген қызметке баға беруге болады.

Сламбек Жұмағұлов – Модульдік инфекциялық ауруханасының бөлімше меңгерушісі:

– Науқастардың дені бізге ризашылығын білдіреді. Осындай сапалы қызметті бірінші рет көріп жатырмыз деп те айтып жатады. Ауруханадан жазылғаннан кейін медицина қызметкерлері емделушілерді амбулаториялық ем алуға жібереді. Олар 14 күн бойы үйінде жатып ем алады. Тек дәрігерлердің қатаң бақылауында болады.

Бұл – биыл емдеу мекемелеріне жүргізілген 4-ші мониторингілік шара. Мақсат – жергілікті медициналық қызметтің сапасын тексеру. Кадр тапшылығы бар ма? Препараттар жеткілікті ме? Науқастар көрсетілген көмекке риза ма? Осы сұрақтардың барлығы – мамандардың жіті бақылауында.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Әлеуметтік желілерде аурухананың сапасына қатысты теріс пікірлерді көрген едік. Бүгін жаңа емдеу мекемесінің жақсы салынып, іші жылы екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Дәрі-дәрмекке қатысты да еш олқылық анықталған жоқ. Келесі сұрақ – науқастардың бағасын алу. Бұл ретте дәрігерлер емделушілер арасында саулнама жүргізіп отырады.

Мониторингілік топ мұнымен тоқтап қалмақ емес. Антикор орталығы мен Санитарлық- эпидемиологиялық бақылау комитеті облыстық департаментінің мамандары алдағы уақытта өзге де мекемелерде тексеріс жүргізуді көздеп отыр.

Бисенова Жанна