Ауыл шаруашылығы

Өңір диқандары көктемгі егіс науқанына техникаларын әзірлеуде

2 млрд 300 млн теңге. Биыл осыншама қомақты қаражатқа / облыстың агроқұрылымдары 104 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Комбайн, тракторлар мен агрегаттар алдағы көктемгі дала жұмыстарында қолданылатын болады. Қауырт маусымға жаңадан бөлек, бұған дейін жеткізілген техниканың жұмылдырылатыны мәлім. Олардың істен шыққандарын қазір өңір диқандары жөндеп, егіске әзірлеп жатыр.

Моторын бұзып, ақауын анықтау. Жарамсыз бөлшектерді жаңалап, майын ауыстыру. Көктемгі егістіктің қамы. “Шағала Агро” серіктестігінде шаруа қызу жүріп жатыр.

Николай Згура “Шағала Агро”-да 92-ші жылдан бері механизатор болып еңбек етеді. Жаз мезгілінде – алқаптарда, қыста осы машина-трактор шеберханасында тер төгеді. Негізгі міндеті – өзі тізгіндейтін “Джон Дир”-ді жөндеу. Бұл техникаға тәжірибелі маман 2009 жылы отырған. Тегеурінді трактор жаңа болғандықтан біраз уақыт бойы аса күрделі жөндеуді қажет етпеген екен. Ал биыл қымбат сайман сатып алуға тура келіп отыр дейді механизатор Николай Згура.

Николай Згура – “Шағала Агро” ЖШС механизаторы, Қызылжар ауданы:


– Шетелдік “Джон Дир” тракторы механизаторлар үшін ыңғайлы етіліп жасалған. Іші толығымен автоматтандырылған. Бағасы өте қымбат, сәйкесінше, саймандары да арзан емес. Бірақ, техника жылда жөндеуді қажет етпейді. Биыл ғана алғаш рет күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. 8,5 млн теңгеге аралық қолдау деп аталатын бөлшекті ауыстырдық. Жұмсалған ақша ақталады. Трактор енді біраз уақыт істей шықпайды.

Серіктестікте мұндай үлкен үш техника бар. Олар көктемгі егіс жұмыстарында да, күзгі орақ науқанында да тоқтамастан жұмыс істейді. Сондықтан, барлығы алдағы қауырт маусымға сақадай сай тұруы тиіс. Тракторлардан бөлек, МТЗ-82, К-700, тұқым сепкіш пен бүріккіш машиналар да алқапта маңызды рөл атқарады.

Ғабдулқапар Бәри – “Шағала Агро” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– 2021 жылға деген дайындықты қаңтарда бастап кеттік. Посевке деген бірінші жұмыстар техниканы жөндеуден басталады. 00:55 Совет одағынан қалған техникалардың ішінде 8 бірдей К-700 бар. Олар жыл сайын жаңартылып отырады. Яғни, ішіндегі саймандары, дөңгелектері ауыстырылады. “Джон Дир” компаниясының техникалары да бар. Оларға да жылда жөндеу жүргізіледі.

“Шағала Агро” серіктестігінің директоры Ғабдулқапар Бәридің сөзінше, бүгінде көктемгі егіс науқанына машина-трактор паркі 90 пайыз дайын. Дегенмен де шаруашылық басшысы жөндеу жұмыстарын сәуірдің 15-іне дейін жүргіземіз дейді. Қазір мұнда 40-қа жуық адам еңбек етуде.
Агроқұрылым басшылығы жуық арада бірнеше кешен сатып алуды жоспарлап отыр. Олар – су жаңа 2 комбайн, 4 МТЗ, 1 бүріккіш пен 1 макдон.
Жалпы, машина-трактор паркін жыл сайын 15-20 пайызға жаңартып отырады. Қазіргі таңда “Шағала Агро”-да 50 бірлік техника бар.

Ғабдулқапар Бәри – “Шағала Агро” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Агрегаттардан 2 борана, каток дегендер алынып жатыр. Жыл сайын осылай жаңартып отырамыз. Орташа есеппен алғанда былтыр техникаға 300 млн ақша жұмсалды. Биыл 400-450 млн-дай.

Енді жалпы облыстағы жағдайға тоқталайық. Бүгінде өңірдің ауыл шаруашылық машина-техника паркі көктемгі дала жұмыстарына 78 пайызға дайын. Биылғы егіс науқанын жүргізуге түрлі модификациядағы 13 мыңға жуық трактор, 15 мыңнан астам тұқым сепкіш, өнімділгі жоғары 1200 заманауи егіс кешені мен өзге де техника тартылады.

Наргиз Ақжігітова – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:

– Жыл басынан облыстың агроқұрылымдары қосымша 104 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде 30 трактор, 9 комбайн, 14 тұқым сепкіш сатып алды. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге СҚО-ның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің дизель отынына қажеттілігі 68,2 мың тоннаны құрайды. Дизель отынын жеткізу наурыз-мамыр айлары кезеңінде мұнай өңдеу зауыттарының облыстарға бекіту кестесіне сәйкес жүргізіліетін болады.

Биыл өңір бойынша ауыл шаруашылығы техникасын жаңалауға 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Ешкенова Дана