Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ақпанның 13-інен карантин жеңілдетіледі

Солтүстікқазақстандықтар үшін жағымды жаңалық! Ақпанның 13-інен бастап қала және облысаралық автобустардың жұмысы қайта жанданады. Ал Петропавл қаласының ішінде қатынайтын қоғамдық көлік иелеріне / сенбі-жексенбі де жолаушы тасымалымен айналысуға рұқсат етілді. Бұл өңірдің бас санитар дәрігерінің / карантин шараларын жеңілдету бойынша қабылдаған қаулысының тек бір парасы ғана.

Тәулігіне – 100-110 жағдай. Бұл қаңтардың ортасындағы өңірдегі коронавирусқа байланысты статистика. Эпидахуал өте күрделі деп бағаланып, облыс бойынша шектеу шаралары күшейтілді. Қатаңдатылған карантин тура бір айға созылып, өз нәтижесін берді.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Өткен тәулікте 68 жағдай тіркелді, оның ішінде 33 (49%) ауру белгілері бар және 35 (51%) ауру белгілері жоқ жағдай тіркелді. ПТР әдісімен зертханалық талдаулар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 54 азаматтан және профилактикалық мақсатта әкелінген 8 азаматтан және эпидқадағалау мақсатында 6 азаматтан алынды.

Осылайша, covid-19-ға шалдығу жағдайлары соңғы 7 күн ішінде 1,5 есеге төмендеген. Ақпанның 6-сынан аққайыңдар өлкесі – сары аймақта. Яғни, күшейтілген шектеу шараларын жеңілдетуге мүмкіндік бар.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Өңір бойынша ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар, құрылыс материалдары сатылатын нысандар мен бассейндерге жұмыстарын сенбі күні де жалғастыруға рұқсат етілді. Әрі жұмыс істеу режимі түнгі 12-ге дейін ұзартылды.

Салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтырумен айналысатын жандар үшін фитнес пен тренажер залдарының есігі тек жұмыс күндері ғана емес, сенбі-жексенбіде де ашық. Спорттық нысандардан бөлек, аумағы 500 шаршы метрден асатын азық-түлік емес тауар саудалайтын дүкендерге демалыс уақытында жұмыс істеуге рұқсат берілді. Қоғамдық тамақтану орындарының да тынысы кеңеймек. Дәмхана мен мейрамханалардың режиміне өзгерту енгізілді. Рестораторлар қонақтарын аптасына 7 күн таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін қарсы ала алады.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Қызметкерлердің саны 15-тен асатын болса, онда жұмысшылардың кемінде 60 пайызы әлі де қашықтықтан жұмыс істеулері қажет. Ал 15 адамнан аз болса, кем дегенде жартысы онлайн форматта еңбектенбек.

Тағы бір қуантарлық жайт қоғамдық көлікке қатысты. Біріншіден, жолаушы тасымалымен кәсіпкерлер енді демалыс күндері де айналысатын болады. Екіншіден, ұзақ уақыт тұралап қалған қала және облысаралық автобустардың жұмысы қайта жанданбақ. Айта кету қажет, өзгерістердің барлығы күшіне ағымдағы айдың 13-і, яғни сенбіден бастап күшіне енеді. Карантиннің біресе жеңілдетілуі, біресе қатаңдатылуы тұрғындарды мезі қылғаны сөзсіз. Шектеу шараларын ұмытуға мүмкіндік бар. Ол -жаппай иммундау шарасына қатысу. Бүгінде өңір бойынша 1025 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алды. Ақпанның екінші жартысынан бастап бұл шаруа Қарағанды фармкешенінде шығарылған ресейлік «Спутник V» екпесімен жалғаспақ.

Эльмира Сәдуақасова