Құқық қорғау органдары

«102» мобильдік қосымшасы іске қосылды

Телефондағы дабыл тетігі. Ақпанның 1-і күні Қазақстанда Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «102» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Оның көмегімен тұрғындар қажет жағдайда тәртіп сақшыларына шұғыл түрде хабар бере алады. Бүгін жаңашылдық жайлы облыстық полиция департаментінде айтылды.

Бұл – бірнеше минут бұрын «102» мобильдік қосымшасына өңір тұрғындарынан келген екінші хабарлама. Петропавл тұрғыны жол жиегінде дұрыс тұрмаған көлік жайлы шағым тастапты. Оқиға орнына бірден полицейлер жіберілді. Мұндай қосымша күллі ел аумағында осыдан 10 күн бұрын іске қосылды. Бірінші қоңырау ақпанның 6-шы жұлдызында Ғабит Мүсірепов ауданынан түсіпті. Мұнда да бүгінгідей жағдай тіркелген. Нәтижесінде тәртіп сақшылары жүргізушіге қатысты хаттама толтырып, айыппұл салған.

Дархан Наурызбаев – СҚО ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасы бастығының орынбасары:

– Бұл қосымша арқылы тұрғындар жедел басқару орталығына жедел қоңырау және бейне, аудио қоңырау шала алады. Содан соң біздің қызметкерлер хабарлама, хаттамалар толтырып жібереді.

Солтүстікқазақстандықтардан түскен хабарламалар мен қоңырауларды 7 оператор қабылдамақ. Енді жаңашылдықтың артықшылығына толығырақ тоқталайық. Бұрын тұрғындар тәртіп сақшыларымен байланысып, мән-жайды жіті түсіндіру үшін 3-тен 5 минутқа дейін уақыт жұмсалған екен. Ал қазір қосымшадағы “SOS” батырмасын басу арқылы іс небәрі 1 минутта тындырылады. Неге десеңіз, хабарласқан жанның аты-жөні, тұрғылықты мекенжайы мен оқиғаның орны экранда автоматты түрде шығып тұрады екен. Яғни, операторға қысқаша жағдайды баяндау қажет.

Алексей Дементьев – СҚО ПД ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы:

– Операторлар сізге қауіп төніп тұрғанын көргеннен кейін, автопатрульді оқиға орнына жібереді. Ал автопатруль 2 адамнан тұрады. Шақырту облыс орталығынан түссе, мамандар белгіленген мекенжайға небәрі 5-10 минутта барады.

Қосымша арқылы Ішкі істер органдарына да шағым қалдыруға болады. Тіпті, бос жұмыс орнының бар-жоғын да біліп отыруға мүмкіндік бар.

Алдияр Айтпаев