МТРА жаңалықтары

Өзен-көлдерге ауа жіберілуде

Облыста  қармақ салып, балық аулауға болатын 500-ге тарта көл бар. Оның 300-ге жуығы жалға берілген. Қыста  балықтардың жаппай қырылуын болдырмау үшін көлдерді уақытында оттегімен байытып тұру керек. Мамандар ақпан айының басынан / аэрация жүргізуді бастады.

Мына трактордың көмегімен таңертеңнен мұз ойылып, Пруд көлі оттегімен байытылып жатыр. Бұл – жылдағы іс. Мамандар ақпан келсе болды су айдындарына ағылып, аэрация жұмысымен айналысады. Неге дәл қыстың соңғы айында? Осыны табиғат жанашыларынан сұрадық. Олардың сөзінше осы күндері мұз қаңтар-желтоқсандағыдай емес, тіптен қалыңдап кеткен. Салдарынан көлдегі тіршілік иелеріне ауа жетіспеуі мүмкін.

Сергей Брюхов – “Соколов орман шаруашылығы” КММ аңшылықтанушысы:

– Қазіргі таңда мұздың қалындығы 1 метрге жақындайды. Бұндай жағдай балықтардың тыныс алуын қиындатады. Сол себепті, оларға арнайы құрылғының көмегімен ауа жіберіп жатырмыз. Кейбір су айдындарында оттегі жеткілікті, ал кейбірінде жеткіліксіз болады. Біз оны заманауи жабдықтың көмегімен біліп отырамыз. Мәселен, қазір біз тұрған көлдегі оттегі мөлшері 1,2 процентті құрайды. Бұл аздық етеді. Қосымша ауа жіберу керек.

Міне, ауа жіберіліп жатыр. Іске 8 жұмысшы мен 5 техника жұмылдырылған. Көріп тұрғандарыңыздай арнайы құрылғының көмегімен су сорылып алып, оттегімен байытылады да арнай ойықтар арқылы қайта көлге құйылады. Тағы, ойықтарды қамыспен бітеу сынды әдіс те бар. Қамыс тығындалған жерлер біраз уақыт қатпай, ауа өтіп тұрады. Негізі, Қызылжар ауданындағы Пруд көлі балыққа бай көрінеді.

Ерлан Тәшімов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Біздің өңірде балық шаруашылығы қолға алынған 500-ге тарта көл бар. Көлдің 300-ге жуығы жалға берілген. Әр көлдің иесі жыл сайын осындай жұмыс жүргізуі тиіс. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарайды.

 

Ерлан Тәшімовтың сөзінше, қазіргі таңда 30-ға тарта су айдынында аэрация жұмысы жүргізілуде. Төккен тер көктемде нәтиже бермек. Яғни, уақытында ауа жеткен балықтардың тірі қалу мүмкіндіктері жоғарылайды. Жалпы, өзен-көлдерді оттегімен байыту ісі өңірде наурызға дейін жалғаспақ.

Алдияр Айтпаев