МТРА жаңалықтары

Зейнетақы жинағының бір бөлігін қолдану тәртібі

Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алып, баспана алуға жаратуға болады. Бүгінде мұндай мүмкіндікке 12 мыңға жуық солтүстікқазақстандық ие. Ескерер жайт, әр адам өзінің статусын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арқылы немесе арнайы мобильді қосымшаның көмегімен анықтай алады. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифинг барысында айтылды.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану үшін азаматтар ең алдымен өз шотын тексеріп алулары қажет. Талап бойынша шотта жеткіліктік шегінен асатын сома жатуы тиіс. Ал жеткіліктік шегі дегеніміз – зейнетақы қорындағы қажетті ең төменгі сома. Ол адамның жас ерекшелігіне байланысты әр түрлі анықталады. Мәселен, 20 жастағы азаматтың қорында – 1 млн 710 мын теңге, ал 50 жастағы адамға тиесілі 4,5 млн-ға жуық ақша болуы керек.

Ғалия Мұқанова – “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Бірретті зейнетақы жарналарын пайдалану құқығы бар азаматтар олар: міндетті зейнетақы және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Тағы, БЖЗҚ-да жинағы бар, зейнет жасына жеткен кісілер қордағы қаражатының 50 пайызына дейін пайдалану құқығына ие. Одан бөлек, тізімге зейнетақылық аннуитетті рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін БЖЗҚ-да жинағы қалған азаматтар кіреді.

Зейнетақы шотыңызда қанша ақша жатқанын білу үшін БЖЗҚ сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы үзінді көшірмені алу керек. Ол үшін электрондық цифрлық қолтаңба немесе базада тіркелген ЖСН мен паролін енгізу қажет. Еске сала кетейік, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге, ипотекасыз тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық қарыз алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге және емделу ақысын өтеу сынды мақсаттарда жұмсауға болады. Айта кеткен жөн, баспана мәселесіне қатысты сұрақтың барлығы Отбасы банк арқылы шешімін табады.

Нияз Ниязбеков – “Отбасы банк” АҚ СҚОФ маманы:

– Отбасы банкте тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй займын алуға болады. Аударылған қаржы арқылы пәтерге, жеке үйге немесе жатақханаға қол жеткізе аласыз. Баспананы бастапқы немесе қайталама нарықтан алу өз қалауыңызға байланысты. Сондай-ақ, БЖЗҚ салымшысы өз жинағының бір бөлігін баспана алғалы жүрген жақын туысына бере алады.

Бүгінде 12 мыңға жуық солтүстікқазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалана алады. Олардың шоттарында 20,1 млрд теңге бар. Ал жергілікті қордағы жалпы қаржы 327 млн теңгеге жуықтайды. Бұл – қаңтардың 1-індегі ақпар.

Бисенова Жанна