Құқық қорғау органдары

СҚО-да көлік басқару құқығынан айырылған 3 жүргізуші ұсталды

Облыс полицейлері бір күнде көлік басқару құқығынан айырыла тұра рөлге отырған 3 жүргізушіні ұстады. Үшеуі де ұсталған сәтте масаң күйде болған.

Алғашқы оқиға облыс орталығында тіркелді. Тәртіп сақшылары 33 жастағы тұрғынды ақпанның 4-іне қараған түні Труд көшесі бойында құрықтаған. “ВАЗ 2114” маркалы темір тұлпардың ішінде ішімдікке сылқия тойып алған тағы 2 жолаушы болған. Анықталғандай, жүргізуші бұған дейін де машинаны мас күйде жүргізгені үшін 3 жылға дейін тиісті құжатынан айырылыпты. Қазір аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 346-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. 2-ші жағдай да Петропавлда болған. Ал 3-ші факті М.Жұмабаев ауданында тіркеліп отыр. Жалпы, өткен жылы полицейлер жүргізу құқығынан айырыла тұра көлік басқарған 151 адамды анықтаған. Биыл осындай әрекетке барған 16 адам ұсталып отыр.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде жүргізгені үшін жүргізу құқығынан 7 жылға айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамау көзделгенін есте сақтаймыз. Егер жүргізуші көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде жүргізіп, сондай-ақ басқару құқығынан айырылған болса, онда аталған жүргізушіге қатысты 50 АЕК көлемінде айыппұл немесе 10 тәулікке әкімшілік қамау көзделген.