Спорт

Петропавлда жаңа спорт клубы ашылды

Петропавлда жаңа спорт клубы ашылды. Игі бастаманы бұл саланың жілігін шағып, майын ішкен жандар бірлесіп қолға алған. Қазір “Қызылжар” ұйымында 20-ға жуық адам жаттығады. Дені – жасөспірімдер. Олар жекпе-жек, бокс пен кикбокстың қыр-сырын меңгеруде. Алдағы уақытта тізімге еркін күрес пен грэпплингті қосу жоспарланып отыр.

“Үнемі спортпен айналысқан адам төзімді әрі мықты болады”,- дейді спортсүйер қала тұрғыны Мирас Төлемісов. Жаттығу залына өзі ғана емес, ұлы Мұхаммадты да ертіп келіпті. Әкелі-балалы мұнда спорт түрлерімен аптасына 3 рет айналысады. «Ұлыма үлгі болып, салауатты өмір салтын ұстануға баулу үшін осындай шешімге келдім, -дейді жерлесіміз.

Мирас Төлемісов – қала тұрғыны:

– Дәл осы спорт клубын жаттықтырушыларының деңгейлері жоғары әрі кәсіби спорт шеберлері болғандықтан таңдадық. Және мұнда балаларға ерекше көңіл бөлінеді.  Әр келген сайын 2 сағат уақытымызды бөлеміз. Балам ММА спортын ұнатады. Сол бойынша көбірек жаттығу керек.

“Қызылжар” спорт клубында тұрғындар бокс, жекпе-жек, ММА, кикбоксинг түрлері бойынша жаттыға алады. Ол үшін кәсіби 3 бапкер тартылған.

Аслан Шүкенов – «Қызылжар» спорт клубының жаттықтырушысы:

– Өзімнің алған білім, тәжірибеммен жас ұрпақпен бөліскім келеді. Әрбір спорттың өзінің әліппесі болады. Қазір сол алғғашқы әріптерден бастап үйретудеміз. Мысалы, қолды-аяқты дұрыс қойып жаттығу. Бүгінгі дайындықтар “отработки рук, ног” деп аталады.

Аталған залды спорт саласының жілігін шағып, майын ішкен жерлестеріміз бірлесе ашып отыр. Ол үшін 2 айдай уақыт кетіпті.Жаттығуға арналған барлық құрал-жабдықтар тексеріліп, Алматы қаласынан арнайы жеткізілген. Мұнда 6-дан 13 жасқа дейінгі балалар тегін, ал ересектері ақылы түрде жаттығатын болады. Сондай-ақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан жандарға жеңілдік те қарастырылған. «Қызылжар» клубын ашу арқылы өңірдегі спорттың дамуына аз да болсын өз үлесімізді қосқымыз келді”,- дейді жетекші Жалғас Тортулов.

Жалғас Тортулов – «Қызылжар» спорт клубының жетекшісі:

– Спорт клубты ашу үшін өз күшімізді салдық. Таңертең және кешке тренировка өткізілетін болады.Алдағы уақытта грэпплингті және еркін күресті қосуды жоспарлап отырмыз. Жаттықтырушылармен сөйлесіп, егер адам жиналса, осы залда аталған спорт түрлерімен айналысуға болады.

«Қызылжар» спорт клубы жақында ғана ашылса да бүгінде мұнда 20-ға жуық жерлесіміз жаттығуда. Алдағы уақытта қыздардың да тобы құралмақ.

Алтынай Қазиқан