Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қалай тойланады?

“Бүгінде қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқ. Мемлекеттік комиссияның отырысында ел Президенті тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге қатысты өз ойымен бөлісті”,-деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазір заман басқа, адамдардың санасы айтарлықтай өзгергенін, оған қоса, бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын атап кетті. “Халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керек. Елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоқ”,- деді мемлекет басшысы. Атаулы дата аясындағы әрбір іс-шара елге пайдасын тигізуі керек. Бұл ретте экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобаларды қолға алу жоспарланып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен әл-Фарабидің мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн. Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет. Әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің қажеті жоқ. Елге өзгеріс әкелмесе, мыңдаған мадаққа толы мақалалардан еш қайыр болмайды.

 

 

 

 

Бисенова Жанна