ТЖ

Құтқарушылар 60-тан астам жерлесімізге көмек қолын созған

Ат құлағы көрінбейтін кешегі дүлей боранда солтүстікқазақстандық құтқарушылар тынымсыз тер төкті. Олар дауылды ескертуді елемей жолға шыққан 60-тан астам жерлесімізге көмек қолын созыпты. Жалпы, өткен тәулікте өңірімізде 22 техника қар құрсауында қалған екен.

Мына жерлесіміз кеше таңғы 10-дар шамасында жеңіл көлікпен Петропавлдан Шаховское селосына шығыпты. Бірақ, орта жолда батып қалған. Салонда өзімен бірге екі жолаушы да болыпты. Қар құрсауынан өз күштерімен шыға алмағандықтан құтқарушыларға хабарласады. Мамандар көмек қолын созған. Бұл – өңірімізде орын алған жалғыз оқиға емес. Бір тәулікте бұндай жайтқа 60-тан аса солтүстікқазақстандық тап болған.

Серік Наурызбаев – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Өткен тәулікте облысымыздың кей аймақтарында желдің ұйытқуы секундына 30 метрге дейін жетті. Сол себепті, барлық бағыттағы жолдарды жаптық. Біз, әсіресе, боран қатты соққан Мағжан Жұмабаев, Тайынша және Қызылжар аудандарын ерекше бақылауда ұстадық. Нәтижесінде 20-дан астам техниканы қар құрсауынан шығарып, 60-тан астам жерсесімізді тиісті жерлеріне жеткіздік.

Абырой болғандам боранда қалып қойып көз жұму, үсік шалу сынды фактілер тіркелмеді. Бірақ, Шаховское селосында жүкті әйелдің денсаулығына қауіп төнген көрінеді. Жолды қар алғандықтан өзі бекітілген емдеу мекемесіне шыға алмапты. Құтқарушылар тез арада келіп, Петропавлға жеткізген екен. Қазір хал-жағдайы жақсы.

Серік Наурызбаев – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

–  Жолға шыққан кезде жылы киім, жылытқыш пен көбірек майшам алуға кеңес береміз. Және “112”-ден келген ескертуге құлақ түріп, бейжай қарамауларыңызды сұраймыз.

Сөз соңында айта кетейік, қазіргі таңда облыстық төтенше жағдайлар департаментінде қыстыгүні жол талғамайтын 39 көлік пен 14 мобильді іздеу тобы бар.

 

Алдияр Айтпаев