ТЖ

СҚО-да жыл басынан бері 81 өрт оқиғасы болған

Жыл басынан бері өңірде 81 өрт оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 33 жағдайға көп. Тілсіз жау жер үйлерде жиі бас көтерген. Себеп сол – қарапайым қауіпсіздік қағидаларын сақтамау. Осы орайда ТЖД мамандары ережелерді түсіндіруден жалыққан емес. Демалыс күндері тағы бір рейд ұйымдастырып, тұрғындармен тілдесті.

Алдымен рейд қатысушылары қаладағы ең ірі жеке секторлардың бірі – Қапай ықшам ауданына аттанды. Мына үйде қаңтардың 31-інен ақпанның 1-іне қараған түні қызыл жалын бас көтерген болатын. 53-ші жылы туған баспана иесі көз жұмды. Алдын ала болжам бойынша тілсіз жау электр құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың салдарынан туындаған. Мұндай жағдай кез келген жерде болуы мүмкін. Сондықтан, құтқарушылар көрші үйлерді аралап, пештердің және электр сымдарының жағдайын тексерді.

Құтқарушылар мен тәртіп сақшыларының қасында «Қызыл Жарты Ай» қоғамының еріктілері де жүр. Олар тұрғындарға коронавирус инфекциясынан сақтану жолдарын айтуда. Қолдарында қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалары да бар.

Вера Баёва – “Қызыл Жарты Ай ” қоғамының еріктісі:

– Коронавирустан қалай қорғану керек? Қарапайым ережелер қандай? Түсіндіру жұмыстарын бүкіл карантин бойы жүргізіп келеміз.

Халтурин көшесіндегі мына үйде 4 отбасы тұрып жатыр. Оларға қауіпсіздік ережесінің сақталуына қатысты біраз ескеру жасалды. Мәселен, пеш күлге толып тұр. Маңайында тез жанатын түрлі дүниелер жатыр. Мамандардың айтуынша домалап түскен шоқтан өрт лап ете түсуі мүмкін.

Даниэль Саркисян – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

– Тұрғындарға пешті қолдану бойынша бірқатар ескерту айттық. Кейбіреуінің пештері уақытында тазаланбайды, үстіне киім-кешек жайып қоятындары да бар. Бұл негізі дұрыс емес. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін білу керек. Оны үнемі орындап жүру қиын емес.

Мамандардың сөзінше, өрт көбінесе жеке секторда, негізінен әлеуметтік тұрғыда осал отбасылар тұратын үйлерде болады. Осы ретте мұндай баспаналарға тегін арнайы құрылғы орнатуды қолға алған.

Дмитрий Растихин – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Жыл басынан бері 50-ден астам көміртегі тотығы детекторы орнатылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Талдау жұмыстары көрсеткендей, өрттен қаза тапқандардың көбісі – әлеуметтік аз қамтылған жандар, зейнеткерлер мен ішімдікке жақын адамдар. Датчик орнату – тілсіз жаумен күресте тиімді әдістердің бірі.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 80-нен астам өрт оқиғасы орын алған. Оның 21-і Петропавлда тіркеліпті. Салдарынан 2 адам көз жұмды.

 

 

 

 

Казиканова Алтынай