Білім

Мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға артты

Елімізде қаңтардың 1-інен бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға артты. Мұндай өсім алдағы екі жылда да қайталанбақ. Осылайша 2023 жылы қазақстандық ұстаздардың жалақысы 100 пайызға ұлғаймақ. Бұдан бөлек, педагогтар үшін түрлі қосымша ақылар қарастырылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Сол себепті, мен 2021 жылдың қаңтар айынан бас­тап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабыл­дадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді.

Өткен жылдың қырқүйек айында жариялаған жолдауында мемлекет басшысы педагогтардың мәртебесін көтеруге бағытталған жұмысты жалғастыру қажеттігін ерекше атап өтті. Қазір шаруа атқарылып жатыр. Биыл Президенттің тапсырмасына сәйкес, мұғалімдердің жалақысы тағы да артты. Яғни, 1 қаңтардан бастап барлық ұстаздардың еңбекақысы 25 пайызға өсті.

Сәуле Жетмекова осыдан 20 жыл бұрын жергілікті университетті тәмамадаған. Мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда қаламыздағы “Дарын” мектеп-лицейінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарады әрі 5-ші сынып оқушыларына сабақ береді. Білікті ұстаз біліктілігін арттыру мақсатында түрлі олимпиадалар мен курстарға қатысып тұрады екен.

Сәуле Жетмекова – “Дарын” мектеп-лицейі оқу ісінің меңгерушісі:

– Жұмысқа орналасқанан кейін әр 5 жыл сайын біліктілікті арттырып отырамыз. Мысалы, мен 1-ші санатты мұғалім болып біліктілігімді арттырдым. Ал өткен жылы “педагог-зерттеуші” санатына ие болдым. Бұл санатқа қол жеткізу үшін біраз тер төктім. Республикалық, облыстық олимпиадаларға, түрлі жобаларға қатыстым.

Кәсіби біліктілікті арттыру әр педагог үшін маңызды. Себебі, біліктілік санатына қарай еңбекақының 30-дан 50 пайызға дейінгі көлемін қосымша алуға болады. Бұл биыл ұстаздардың жалақысына қосылған 25 пайыздан бөлек.

Сәуле Жетмекова – “Дарын” мектеп-лицейі оқу ісінің меңгерушісі:

– Біздің жалақымыз жыл сайын артып жатыр. Екі жыл қатарынан 25 пайыздан қосылды. Біздің еңбегіміз еленіп жатқанына қуанамыз. Сондай-ақ, 25 пайыздан бөлек, санатты көтерген сайын еңбекақымыз артуда.

Педагогтарға пәнді ағылшын тілінде жүргізгендері үшін, дәптер тексеріп, сыныпқа жетекшілік етіп, тәлімгерлік қызмет атқарғандары үшін де қосымша ақы төленеді. Ал мұғалім “магистр дәрежесін” иеленсе, табыс одан әрі артады.

Гүлшат Шаймерденова – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Қаңтардың 1-інен бастап “Педагог мәртебесі” бағдарламасын іске асыру шеңберінде солтүстікқазақстандық мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға артты. Осы орайда айта кетейін, мектеп ұстаздарынан бөлек, балабақша, қосымша білім беру, коллдеждер мен жоғары оқу орындарында еңбек ететін мамандардың да жалақысы өсті. Бүгінде директорлар мен олардың орынбасарлары аттестациядан өтіп, еңбекақыларын 30-дан 100 пайызға дейін көбейте алады.

Жалпы, бүгінде аққайындар өлкесінде 16 мыңнан астам педагог еңбек етуде.

 

 

 

 

 

Ешкенова Дана