Құқық қорғау органдары

Кеше облыс аумағында 6 бірдей жол-көлік оқиғасы тіркелді

Сенбі күні еріген қар жексенбіде көктайғаққа ұласты. Оған қоса ақтүтек боран соқты.
Салдарынан кеше облыс аумағында 6 бірдей жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қатты соққыдан 1 көлік, тіпті, өртеніп кеткен.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Ақпан айынның алғашқы 5 күнінде облыста 3 бірдей жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 адам түрлі дене жарақатын алды және 1 тұрғын көз жұмды. Соңғы аталған факті осыдан 4 күн бұрын Мағжан Жұмабаев ауданында болды.

Ақпанның 4-і күні өңірде жеңіл машина жүк көлігімен соқтығысып, салдарынан жас жігіт қаза тапты. Қайғылы оқиға Булаево қаласының маңында кешкі сағат 21:00-де орын алған. Облыстық полиция департаменті ұсынған ақпарға сүйенсек, “ВАЗ” маркалы темір тұлпар “Челябі-Новосібір” автожолының жиегінде тұрған “Volvo”-ға соғылған. Алғашқы аталған машинада 3 адам болыпты. 99-шы жылғы жолаушы сол жерде көз жұмған. Ал 35 жастағы жүргізуші мен тағы бір жан түрлі дене жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілген. Анықталғандай, келіп соғылған көлікті басқарған жігіт масаң күйде болған және рөлге ие бола алмай қалған екен. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Ал ақпанның 6-сы күні сынап бағанасы күрт жоғарылап, температура +1 градусқа жетті. Кәдімді көктемдегідей қар еріді. Алайда, жексенбіде ауа райы қайта суыды. Салдарынан еріген қар көктайғаққа айналып, темір тұлпарлардың соқтығысуы жиіледі. Нұр-Сұлтан – Петропавл трассасының өзінде 6 бірдей оқыс оқиға орын алған.

1 темір тұлпар жанып кетті. Абырой болғанда, иесі уақытылы көліктен шығып үлгерген. Жылдамдықты асырмау, қозғалыс кезінде арақашықтықты сақтау сынды ережелер жиі айтылады. Алайда, талаптарды бірі қатаң түрде сақтаса, екіншісі құлаққа да ілмейді. “Салдарынан осындай жайттар жиі орын алады”,- дейді тәртіп сақшылары. Мұндай ескертулер жаяу жүргіншілерге де қатысты.

Азамат Жамұқов – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Жаяу жүргіншілерге жолды кесіп өткен кезде сақ болуға кеңес береміз. Көктайғақ болғанда көлік бірден тоқтай алмайды. Жаяу жүргіншілер жолағында кенеттен адам пайда болса, жүргізуші шара қабылдауға үлгермеуі мүмкін. Сондықтан, жан-жағыңызға қарап, жақын маңда машинаның жоқтығына көз жеткізіңіз. Әсіресе, жасөспірімдер құлаққап пен капюшонды шешкендері жөн.

Тәртіп сақшылары ауа райы жиі өзгеріп тұруына байланысты ата-аналарға құлаққағыс етуде. Мұндай кезде үйлердің, басқа да нысандардың шатырындағы қар еріп, кенет жерге құлап түсуі әбден мүмкін. Сол себепті, балаларды қараусыз қалдырмау керек.

Маржан Касымбек