Спорт

Қазақ күресі мектеп бағдарламасына енгізіледі

Биыл атадан балаға мирас болған қазақ күресі мектеп бағдарламасына енгізіледі. Оқушылар ұлттық күресіміздің әдіс-тәсілдерін 5-ші сыныптан бастап меңгермек. Қазір бұған жергілікті федерация қызу дайындалып жатыр. Маңызды мәселе бүгін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа отырысында қаралды.

Өңірімізде қазақ күресі қарқынды дамып жатыр. Бүгінде бұл спорт түрімен мыңға жуық солтүстікқазақстандық айналысады. Қажымұқан бабамыздың жолын жалғаған жастар өлкедегі 13 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығады. Бозкілем шеберлері жыл сайын аймағымыздың намысын республикалық және халықаралық сайыстарда қорғап, үздіктер қатарынан көрініп жүр.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– 2019 жылы қазақ күресінен өткен ел Кубогында біздің жастар 2 алтын мен 1 қола медальға ие болды. ҚР клубтық чемпионатында жергілікті “Қызылжар арландары” – 3-ші, ал конфедерация кубогында 1-ші орынды жеңіп алды. Одан бөлек, Қуаныш Исқақов есімді білекті жерлесіміз қазақ күресінен әлем чемпионы атанды.

Жетістіктерді ауыз толтырып айтуға болады. Бұл ретте облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен 2018 жылы құрылған “Қызылжар арландары” спорт клубының ықпалы зор. Аталған ұжым мүшелері бүгінде өздері қатысқан жарыстарда атой салып жүр. Бапкер мәселесіне келейік. Қазір 50-ден астам маман солтүстікте ұлттық күресіміздің дамуына күш салуда. Өлкемізде қазақ күресін одан әрі дамыту үшін алдағы уақытта бірқатар тың жобалар қолға алынбақ.

Бауыржан Құлжанов – СҚО бойынша Qazaq Kuresi федерациясының вице-президенті:

– Биылдан бастап мектеп бағдарламасына ұлттық спорт түрлері кіріп жатыр. Соның қатарында қазақша күрес де бар. Бүгінгі жиынның мақсаты – өңірдегі спортты дамыту бойынша жоспар құру. Шараға бапкерлер, мектеп директорлары мен қазақша күрес бойынша мамандар ат салысуда.

Бауыржан Құлжанов қазақ күресі мектеп бағдарламасына 5-ші сыныптан бастап енгізілетіндігін айтты. Жиналғандар ұлттық спортымызды өскелең ұрпақтың бойына ерте жастан сіңіру қажет дейді. Сонда ұлдарымыз ұлықты, білекті де батыр болып өспек. Кезекті мәселе – спорт кешендерін салу,

Бауыржан Құлжанов – СҚО бойынша Qazaq Kuresi федерациясының вице-президенті:

 – Өңір аудандарында көптеген спорт кешендері салынып жатыр. Ол жерлерде міндетті түрде қазақ күресі үйірмелері болады. Оған қазір мамандарды дайындап жатырмыз. Қазір тарихқа шолу жасасақ, 90-шы жылдары қазақ күресі дамымаған еді. Мамандар мен балуандар аз болды. “Қызылжар арландары” клубы ашылғалы өңіріміздің дәрежесі көтерілді.

Өңірімізде қазақ күресінен бөлек, тағы жауынгерлік жекпе-жек түрлері дамып келеді. Мысалы, ММА, джиу-джитсу, самбо халық арасында аса танымал. Бұл спорт түрлерімен қазір 3 мыңға жуық солтүстікқазақстандық айналысады.

 

Бисенова Жанна