ТЖ

Құтқарушылар Есіл өзенінде рейд өткізді

Көктемнің ауылы алыс емес. Күн / шуағын молынан төгіп, ауа райы жылынған сайын / өзен-көлдердегі мұз да жұқара түседі. Осы орайда құтқарушылар су айдындарында / балықшыларға арнап рейд шарасын өткізуде. Бүгін / мамандар / Есілде қармақ салған солтүстікқазақстандықтарға / сақтық шараларын түсіндірді және жадынама таратты.

 

Вадим Адамович балық аулауға бала жасынан әуес. Бүгін ол әдетттегідей таңмен таласа тұрып, Есіл өзеніне келді. Сөмкесінде қысқы уақытта қажетті құрал-жабдықтың барлығы бар. Мұзға бір емес, бірнеше жерден ойық жасап, қармақ құрыпты. Әлі қанжығасы майланбаған екен. Табиғат аясында таза ауамен тыныстап отырған Вадим қауіпсіздік ережелерін жақсы білемін дейді.

Вадим Адамович – қала тұрғыны:


–  Әрине, балықшы үшін қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Ережені әрқашан сақтаймын. Бүгін де сақтық шараларына аса мән берудемін. Әдетте мұнда қаланың тынымсыз өмірінен бір сәтке демалу үшін достарымызбен жиналамыз. Оларға да қауіпсіздік жайлы ескертіп тұрамын. Әзірге, қармағыма бірде-бір балық түспеді. Бұған дейін 2 жарым келілік табан балығын аулаған едім.

Бүгін Есіл өзеніне балықшылардан бөлек, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келді. Олар табиғат аясындағы жандардың қауіпсіздігін қадағалап, сын-ескертпелерін айтып жүр. Мұндай рейдтерді мамандар күнде өткізіп тұрады.

Сәкен Ағзамов – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Облысымызда 60-қа жуық өзен мен 2 мыңнан астам ірілі-ұсақты көл бар. Сол өзен-көлдерде қар түскеннен бастап мыңға жуық рейд өткіздік. Шара барысында балықшыларға жадынама қағаздарын тараттық, қауіпсіздік ережелерін түсіндірдік. Әйтеуір, биылғы қысқы уақытта өңіріміздегі су айдындарында балықшылардың қатысуымен оқыс оқиға болған жоқ.

Қазіргі таңда Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы 20 сантиметрді құрап отыр. Яғни балық аулауға болады. Ал 10 сантиметрден жұқа болса, онда су айдынына шығуға қатаң тыйым салынады. Көктемнің ауылы алыс емес. Сондықтан, мамандар өзен-көлдерде барынша сақ болу қажеттігін ескертеді.