Білім

Kozybaev University докторанты 50 млн теңгенің грантын ұтып алды

Жергілікті педагог 50 млн теңгенің грантын ұтып алды! Қозыбаев университетінің докторанты Светлана Луцак жас ғалымдарға арналған республикалық конкурста топ жарды.

Маман байқауға әмбебап алгебра пәнінен арнайы теорема әзірлеу жөніндегі төл туындысын ұсынған. Үздік оқытушының жобасы жүзеге асса, күрделі есептердің өзін оп-оңай шығаруға болады екен. Айтуынша, мұндай бастама әлі Қазақстанда қолға алынбапты. Сайыс ұйымдастырушылары педагогтың еңбегін жоғары бағалап, жеңімпаз деп таныған. Енді қомақты қаражатты Светлана Луцак жоспарындағы жұмысты бастауға, ғылыми мақалалар жариялауға, техникалық жабдықтар алуға және өндірістік тәжірибелерден өтуден бағыттамақ. Талап бойынша тың теорема 3 жылдың ішінде дайын болуы тиіс.

Светлана Луцак – Kozybaev University докторанты:

– Грантқа ие болу – ол жұмыстың бір бөлігі ғана. Алда әлі тынымсыз тер төгу керек. Мен бастаған ісіме зор жауапкершілікпен қараймын. Болашақ теорияны математикадан бөлек, информатика және биология саласында да қолдануға болады. Маған көрсеткен қолдау үшін өзімнің ғылыми жетекшіме және жергілікті университ ұжымына алғыс білдіремін.