Ерiктiлер

Еріктілер 91 жастағы қарияға қолғабыс етті

Еріктілер 91 жастағы қарияға қолғабыс етті! Белсенді жастар Лидия Матросованың ауласын қардан тазалап берді. Жергілікті жігіттер мұндай шарапаты мол шараны жиі ұйымдастырып тұрады. Олар өткен жылы 300-ге жуық адамға жәрдемдескен. Көмек көрсетілгендердің дені – жалғызбасты зейнеткерлер.

91 жастағы қала тұрғыны Лидия Матросова – тыл еңбеккері. Жалғызілікті ана Суворов көшесінде тұрады. Жалғыз тұрып жатқанына 18 жылдың жүзі болыпты. Үйіндегі шаруасымен өзі айналысады. Пеш жағып, су әкеледі. Қар көп жауғанда қолына күрек алатын кездері де болады. Зейнет жасында мұндай шаруаны тындыру оңайға соқпайтыны анық. Сондықтан, Лидия Алексеевнаға еріктілер жиі көмектесіп тұрады.

Лидия Матросова – қала тұрғыны:

– Жастар отын жарып, су алып келеді. Ауладағы қарды тазалайды. Жағдайымды біліп тұрады. Волонтерлер маған өткен жылы да қолғабыс етті. Атқарған жұмыстарына ризамын.

Еңбекқор еріктілердің қатарында Данил есімді студент бар. Жақсылық жасауға жақын жігіт мұқтаж адамдарға көмектесуден жалықпаймын дейді. Айтуынша, бастысы – игі істі шын жүректен жасау керек.

Данил Лязовой – ерікті:

– Ерікті болуға мені колледждегі достарым шақырды. Бірге көмекке мұқтаж жандарға қолғабыс етеміз. Әсіресе, пандемия кезінде ата-әжелерге қолдау білдіру – өте маңызды іс.

Әмір Мағау – қалалық жастар ресурстық орталығының нұсқаушысы:

– Қаңтар айында біз 10 жер үйдің ауласын қардан тазалап бердік. Ал былтыр 300-ге жуық адамға қолғабыс еттік. Еріктілердің көмегі қажет болса, 500-168 нөміріне хабарласу керек. Орта есеппен бір аптада 3-4 адам қоңырау шалады.

Бүгінде қалалық жастар ресурстық оралығында 80-ге жуық волонтер бар.

Бисенова Жанна