Құқық қорғау органдары

Былтыр өңірде 500-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелген

Өткен жылы өңірде 500-ге жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Жасалған қылмыстардың тек әрбір бесіншісінің ғана беті ашылыпты. Ал қаңтар айынан бері 60 солтүстікқазақстандық / пысықайлардың қармағына іліккен. Ғаламторда сан соғып қалмау үшін нені ескеру қажет? Бұл сұраққа бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде / полиция департаментінің мамандары жауап берді.

Ғаламтор, әлеуметтік желі. Соңғы уақытта бұл алаяқтардың арам ойларын жүзеге асыратын ортаға айналып кетті. Интернет-алаяқтықтың көбеюі елімізде өткен жылы байқалған. Полиция қызметкерлері бұны карантинде сайттағы тауарларға деген сұраныстың артуымен байланыстырып отыр.

Жоламан Құмарбек – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Біздің өңірдегі криминогендік жағдайдың статистикасы 2020 жылы тіркелген алаяқтық 727 фактісінің 495-і (68,1%) интернет-алаяқтыққа жатады. Интернет-алаяқтық 495 фактінің 116-ы бойынша күдікті адамдар – Қазақстаннан тыс жерлерде, ал 278-і – басқа өңірлерде.

Тіркелген қылмыстардың басым бөлігі танымал “ОЛХ”, “Колеса” сынды сайттарда орын алған. Электронды сауда жасау кезінде тараптардың бірден кездеспейтіні белгілі. Міне, осыны пысықайлар тиімді пайдаланып жүр. Олар әлемнің кез келген бұрышында отырып клиенттерге төмен бағамен тауар ұсынады. Артынша қоңырау шалған адамға “жылы-жылы сөйлеп”, қармағына түсіреді. Мәселен, төлемді банк картасына алдын ала немесе толық көлемде жіберу қажеттігін айтады. Бұған сеніп қалатындар баршылық. Ақшаны қалтаған басқан соң алаяқ телефон нөмірін өшіреді, ізім-ғайым жоғалады.

Жоламан Құмарбек – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Сонымен қатар, ұялы телефондарға «банктің жалған өкілдері» қоңырау соғады және клиенттің картасындағы күмәнді операциялар туралы айтады. Операцияны бұғаттау үшін картаның реквизиттерін айтуды ұсынады. Алынған деректердің көмегімен интернет-банкингке қосылады және шоттарында бар ақшаларын аударып жібереді. Ұрланған ақша қаражаттары үшінші адамдардың шоттарына аударылады. Олар көп жағдайда облыстан немесе республикадан тыс жерлерде болып келеді.

Жиі кездесетін алаяқтық фактілерінің тағы бірі – микроқаржылық ұйымдар арқылы заңсыз онлайн несие ресімдеу. Мұндай жағдайда адамдар алданып қалғандарын біраз уақыттан соң ғана біліп жатады. Статистика көрсеткендей, көбіне осындай алаятыққа жәбірленушіні жақсы танитын пысықайлар барады екен. Мұндай жайттарды болдырмау мақсатында бүгінде микроқаржылық ұйымдарды тіркеу мен несие беруге қатысты ережелер қатаңдатылып отыр. Жалпы, интернет-алаяқтардың қармағына түспеу үшін қарапайым қағидаларды білген жөн.

Дана Сәлімқызы – тілші:


– Жеке мәліметтеріңізді ешкімге бермеңіз. Күмәнді, тексерілмеген ақпаратқа сенбеңіз. Тауарды көрмей, тексермей, оған алдын ала электронды төлем жасауға асықпаңыз. Бірде-бір адамға жеке құжаттың, банкомат чектерінің скан-көшірмелерін немесе фотосуреттерін де жібермеу қажет. Сонда сіз емес, интернет-алаяқтың өзі сан соғып қалады.

Дана Сәлімқызы