Аптадағы маңызды жаңалықтарБилік

Қала әкімі Болат Жұмабеков өткен жылды қорытындылады

Биыл Петропавлда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылмақ. Бұл мақсатқа 5,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Нәтижесінде 300-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Облыс орталығын абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Жаңа спорт және балалар ойын алаңдары салынып, аулаларға асфальт төселмек.

 

Былтыр қалаға қомақты инвестиция құйылған. Жалпы сома шамамен 98 млрд теңгені құрайды. Өсім әжептәуір. 2019-бен салыстырғанда 28,4%-дық оң динамика байқалады. Өнеркәсіпте де оң нәтижеге қол жеткіздік. Былтыр өндіріс көлемі «Радуга» серіктестігінде – 1,5, «Петромашзавод»-та – 2, «ЗИКСТО»-да 5 есеге артқан. Ал Киров атындағы зауытта заманауи комьютерлерлер шығарыла бастады. Өткен жылдың соңына дейін аталған құрылғының 54 мың данасы құрастырылған.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– 2021 жылы да өнеркәсіп өнімділігін арттырып, инвестициялық жобаларды іске асыруды көздеп отырмыз. Ол үшін индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 3 жоба жүзеге асырылатын болады. Бұл мақсатқа 5,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Егер бәрі ойдағыдай болса, 312 тұрғын жұмыспен қамтамасыз етіледі.

Былтыр облыс орталығында абаттандыру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінгені айтпасақ та белгілі. Шаһар ішінде жаңа саябақтар пайда болып, көпқабатты нысандардың қасбеті боялып, 95 аулаға асфальт төселді. Бірқатар көшедегі шамдар ауыстырылды. Қаладағы 40 алаңда құрылыс жұмыстары да қарқын алды. “Жас Өркен” және “Береке” ықшам аудандары, Уәлиханов көшесі бойында түрлі нысандар салына бастады.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:


–  Құрылыс жұмыстарына 45 млрд теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Қаланы дамытудың басымдығы тұрғын үй және инфрақұрылым құрылысы болып қала береді. Ол үшін бюджеттен 18,5 млрд теңге көзделген.

Сондай-ақ, өткен 12 айдың ішінде облыс орталығында жерді дұрыс пайдаланбауға қатысты 63 материал жинақталған. 58 учаске иесіз болғаны үшін мемлекетке қайтарылған. Қалғаны коммерциялық мақсаттар үшін сот тәртібімен мәжбүрлеп алынған екен. Одан бөлек, былтыр 3012 жұмыс орны пайда болып, тұрғындар екі қолға бір күрекпен қамтылған. 12 айды қорытындылап болған соң Болат Жұмабеков қызылжарлықтардың өтініш-шағымдарына жауап берді. Ең алғашқы сұрақ Заречный кентінде тұратын тұрғыннан келіп түсті. Ол шеткері аудандағы үйлер орталық жылу жүйесіне қашан қосылатындығын сұрады.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Қазір бұған қатысты арнайы құжаттар әзірленіп, сараптама жүргізілуде. Бәрі дайын болған соң жылуды өткізу үшін қанша қаржы керек екендігі белгілі болады. Шамамен наурыз айында қаражат жағдайын қарастыратын боламыз.

Яғни, тұрғындардың тағы біраз уақыт күте тұруына тура келеді. Келесі сұрақ ашық аспан астындағы спорт алаңдарына қатысты. Болат Жұмабеков аталған іс алдағы уақытта да жалғасын табады, ол үшін қомақты ақша қарастырылып жатыр деп жауап қатты. Ал келесі тұрғын шұрық-тесік шатырды қалай ауыстыруға болатындығын сұрады.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Жаңа айтқандай, жалпы, қала әкімдігінің сайтында толықтай тізім бойынша қандай үй, қай уақытта істелінетіндігі жайлы тізім жарияланған. Оған арыз беру керек. Тұрғын үй инспекциясы не істеу керек екендігін түсіндіреді. Егер басқа да тұрғындар келіссе, өзіміз істейміз немесе Үкіметтің бағдарламасы бойынша жасайды.

Көпқабатты үйлердің ауласына камераларды қалай орнатуға болады? Кімге жүгіну керек? Қала әкімі жерлестерімізге мұндай жағдайда ең алдымен не істеу керектігін тәптіштеп түсіндіріп бері.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Бұл мәселе екі жақа бөлінеді. Біріншіден, сіз өз үйіңіздің маңайына камера қоятын болсаңыз, тұрғындармен жиналып шешім қабылдайсыз. Мысалы, «Қазақтелеком»-мен келісімге отырып, қоюға мүмкіндік бар.

Одан бөлек, қоғамдық көліктерге қатысты мәселелер жайлы да сөз қозғалды. Былтырғы жоспарға сәйкес, 100 автобус сатып алынуы керек болған. Бірақ, оның тек 7-еуі жеткізілді. Жиында Құмар Ақсақалов осы мәселенің шешімін биыл мықтап қолға алу қажеттігін айта келе электронды төлем жасау жүйесіне жылдамдатып көшуді тапсырды.

Маржан Қасымбек