Қоғам

Тәуелсіздік құрдастары

Петропавлдағы  Ұлттық ұланның Әскери институтында 2 мыңға жуық маман еңбек етеді. 20-ға жуығы “Тәуелсіздік құрдастары” болып саналады. Қазіргі таңда шенділер  абыройлы қызмет етіп, жасампаз еліміздің дамуына сүбелі үлестерін қосуда.

 

1991 жылы әлем картасында Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болды. Биыл егеменді ел болып, тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге – 30 жыл. Осы аралықта біраз белесті бағындырдық. Азаттықтың ақ таңы атқан тұста дүниеге келіп, қазір Қазақстанмен бірге жасап, алға басуына септігін тигізіп жатқан жастар аз емес. Біз оларды “Тәуелсіздік құрдастары” дейміз. Солардың бірі – жергілікті Әскери институтта қызмет ететін Медет Жексенай.

Медет Жексенай – ҚР ҰҰ ӘИ тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімінің офицері:

– Қазақ елінің тәуелсіздігіне биыл – 30 жыл. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсағанға қол жеткізіп отырмыз. Өзім 1991 жылы Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы туып өскен Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келдім. Туған күнімнің өзі – 4-ші маусым, рәміздер күніне тұспа-тұс келіп отыр. 30 жасымды алатын болсақ, мен жоғары оқу орнын аяқтап, офицер шенін алып отырмын. Ал тәуелсіз Қазақстан осы аралықта талай белестерді бағындырды.

Тәуелсіздік құрдасы бала күнінде болашақта форма киіп, әскери қызметкер болуды армандапты. Мақсатына жету үшін Медет мектепті бітіре сала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Бір жылдан кейін туған жеріне оралып, колледжге, оны бітіргеннен кейін Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түседі. Қолына дипломын алған соң жас маман мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне сабақ берген. Кейін Петропавлда орналасқан ҰҰ Әскери институтына жұмысқа шақырту алады.

Медет Жексенай – ҚР ҰҰ ӘИ тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімінің офицері:

– Әскери қызметшілерге мемлекеттік тілден сабақ беремін. Аптасына 2 рет. Құжаттармен де жұмыс істеймін. Жалпы, әскери салада қызмет етіп жүргеніме 5 жыл болды. Басында азамат болып кірістім, одан кейін келісім-шарт бойынша әскери қызметші болдым. Осылайша офицер шенін алдым.

Медет Жексенай еліне абыройлы қызмет етіп, тәуелсіз Қазақстанның дамуына тамшыдай болса да үлес қоссам дейді. Мақсаты – ана тілімізді дамыту, мәртебесін арттыру және өзгелерге үйрету. Жалпы, бүгінде Ұлттық ұланның Әскери институтында 2 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың 18-сі биыл Тәуелсіздікпен бірге 30 жылдық мерейтойларын тойламақ.

Дана Сәлімқызы