COVID-19: Қазақстан

Үш күнде 900 жерлесіміз иммундау шарасынан өтті

Бүгін иммундау шарасының 4-ші күні. Жергілікті ақ халаттылардың ресейлік “Спутник V”-дің алғашқы компонентін алғандарына 3 күн өтті. Бас кезінде мамандардың кейбірі әлсіздік пен дене температурасының жоғарылауын сезініпті. Бірақ, бұл ағзаның екпеге әдеттегі әсері дейді өңірдің бас санитар дәрігері Әсет Жұматаев. Жалпы, ақпанның 4-іне дейін облыс бойынша 900 жерлесіміз вакциналаудан өткен.

Өңірде эпидемиологиялық ахуал тұрақталуда. Соңғы апта ішінде күнделікті статистикада өсім байқалмады. Жан сақтау бөлімінде бүгінде індеті асқынып 22 жерлесіміз өмір үшін күресіп жатыр. Барлығы – ауруханаларда ковид-19 диагнозымен 450-ден аса солтүстікқазақстандық ем алуда. Қысқасы – инфекциялық стационарлардағы жағдай да біртіндеп түзеліп келеді. Коронавирусқа шалдыққан науқастарға бөлінген төсек-орын санының 62 пайызы – бос. Бұл – ең бірінші кезекте қатаңдатылған карантин шараларының нәтижесі дейді мамандар.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:


–  Бүгінде жалпы СҚО бойынша 11179 жағдай тіркелді. 42 жерлесіміз көз жұмды. Өткен тәулікте тағы 70 факті анықталды. Олардың 39 жағдайында айқын симптомдар байқалады.

Ақпанның бірі елімізде иммундау шарасының бірінші легі бастау алды. Өңірде алғашқылардың бірі болып вакцина алған – Әсет Жұматаев. «Бүгін үшінші күн – жағдайым жақсы»,- дейді облыстың бас санитар дәрігері. Десе де, бас кезінде сәл әлсіздік байқалған көрінеді. Ал өзге 4 әріптесінің дене температурасы 37,5-38-ге дейін көтерілген. Бірақ, бұл – ағзаның кез келген екпеге әсері болып табылады.

Құмар Күсемісов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінге дейін өңір бойынша 900 ақ халаттыға вакцина қойылды. Бұл жоспардың – 75 пайызы. Дәрігерлер арасында екпе алудан бас тартып жатқандар, әзірге, кездеспеді. Себебі, медицина қызметкерлері препараттың коронавируспен күресте қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі.

Ресейлік «Спутник V»-дің екінші компонентін мамандар 21 күннен кейін алады. Ал тағы 3 апта ішінде коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптаса бастамақ. Вакциналаудың келесі толқынына ұстаздар қауымы, полиция қызметкерлері, созылмалы аурулары бар адамдар мен студенттер кіреді. Осылайша, біртіндеп елімізде ұжымдық иммунитет пайда болмақ. Бұл карантинді біржола алып тастап, қалыпты өмірге оралуға – нық қадам.

Эльмира Садвокасова