Құқық қорғау органдары

СҚО-да жыл басынан бері 70-тен астам алаяқтық жасалған

Облыс аумағында жыл басынан бері 70-тен астам алаяқтық фактісі тіркелген. Соның ішінде 60 жағдай интернет арқылы жасалыпты. Полицейлердің сөзінше, киберқылмыскерлердің айла-тәсілдеріне көбінесе егде жастағы тұрғындар көнгіш келеді. Осы орайда полиция департаментінің қызметкерлері қазір алдын алу шараларына басымдық беріп отыр.

Телефон арқылы байланысып, оңай олжаға кенеледі. Қазіргі техника дамыған заманда интернет арқылы тұрғындарды алдап, арам ойларын іске асырушылар көбейді. Осы орайда жергілікті тәртіп сақшылары пысықайлардың алдын орау мақсатында түсіндіру жұмыстарына екпін беріп жатыр. Мамандардың сөзінше, мұндай қылмысты ашу біраз қиындық туғызады. Сол себепті, күдік пайда болған жағдайда бірден полицейлерге хабар беру керек. Сондай-ақ, қалалықтардың бірі интернет-алаяқтық жайында білсе, кейбірі бейхабар.

– Вы слышали про интернет-мошенничества когда-нибудь? – Ну да, слыхал. В интернете читал. Нет, мне не звонили.Правильно, что предупреждают! Много попадается, особенно пенсионеров!

Киберқылмыскерлермен күрес – қазіргі таңдағы өзекті мәселе. Сол себепті, полицейлер кеше тұрғындардың үйлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, жадынама қағаздарын да таратты. Басты назар – зейнеттегі адамдар. Себебі, әдетте егде жастағы тұрғындар алаяқтардың айла-тәсілдеріне көнгіш келеді.

Дархан Зияфиддин – қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы: 

– Бүгінгі таңда Петропавл қаласының аумағында интернет-алаяқтық жиілеп кетті. Сол себепті, полиция қызметкерлері әр үйде осындай интернет-алаяқтыққа қарсы парақшалар таратып, акция өткізіп жатыр. Адамдар көбінесе Instagram, OLX, Kolesa сайттарында алданып жатады.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 70-тен астам алаяқтық фактісі тіркеліпті. Оның 90 пайызы интернет арқылы жасалған.

Казиканова Алтынай