Өңірдегі 26 мыңнан астам мүгедектің өмір сүру сапасы жақсармақ

Қоғам

21:16 4 Ақпан 2021

Мүгедектердің құқықтарын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту! Жақында азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы ұсынылды. Оны қазір ел депутаттары қарастырып жатыр. Жобадағы жаңашылдықтар өңіріміздегі 26 мыңнан астам жарымжанның өмір сүру сапасын жақсартуы тиіс.

Заң жобасында қамтылып отырған өзгерістердің бірі I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын жандарға қатысты. Оларға 48 мың теңге көлемінде жәрдемақы қарастырылып отыр. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі адамды бағып-қағатын жақыны әдетте жұмыс істемей, үйде отыруына тура келеді. Облыс бойынша мұндай 500-ге жуық адам бар. Сонымен қатар, 7-ден 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедек топ бойынша бөлу қарастырылған. Бұл ретте де жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылмақ.

Азамат Сыздықов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:


–  Тағы бір өзгеріс – мүгедектігіне байланысты және асыраушысынан айырылған жағдайда 2 түрлі жәрдемақы төленуі мүмкін. Әзірге, мұндай жанұялар таңдауы бойынша жәрдемақының бір түрін ғана алып отыр.

Мүгедек жандарды екі қолға бір күрекпен қамту да назардан тыс қалған жоқ. Бұл ретте 2023 жылдан бастап жұмыс берушілер үшін өтемақылық жарна енгізу жоспарланып отыр. Ал жинақталған қаражат жарымжан адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталатын болады.

Серік Шәпкенов – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

 

– Жинақталған қаражат жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге: арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға; мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін қажетті дағдыларға оқытуды ұйымдастыруға; әлеуетті жұмыс берушілерде мүгедек адамдардың ақы төленетін тағылымдамаларын ұйымдастыруға бағытталатын болады.

Жұмыс істеп жүріп мүгедек болып қалған азаматтарға да әлеуметтік қолдау көрсетілмек. Бұл ретте мемлекет тарапынан жарымжан адамға оңалту мақсатында тиісті құрал-жабдық беріледі. Тек аталған көмек жұмыс беруші өз міндетін орындай алмаған жағдайда ғана ұсынылмақ.

Азамат Сыздықов – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:


–  Тағы бір жаңашылдық – кембағал бала тәрбиелеп отырған отбасылар балалары кәмелет жасына толғаннан кейін де үй кезегіне тұруға құқылы болады. Бұған дейін баспана кезегінде тұрып, оны ала алмаған осындай жанұялар «1-ші немесе 2-топтағы мүгедектер» санаты бойынша кезекке қайта тұруы тиіс.

Заң жобасында мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-анаға төленетін жәрдемақыны беру мерзімін бала 18 жасқа толғанша дейін ұзарту көзделіп отыр.
Бүгінде СҚО-да 26,5 мың мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның 2 мыңнан астамы – 18 жасқа толмаған балалар.

Жанна Бисенова

 

Бұдан әрі оқыңыз

Өңірде “Жылулық сыйла” акциясы өтуде
Болашақ Отан қорғаушылар шақырту пункттерінде тіркеуден өтуде
ЕС-164/6 мекемесінде 8 Наурызға арналған жиын өтті
Қалалық қоғамдық кеңесінің отырысы өтті
20-ақпан – Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні
Биыл өңірде 22 инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ
Петропавлда 4 мүлік иелерінің кооперативі бар
Жарылыс болған жатақхана қалыпқа келтірілуде
Білім беру саласында жемқорлықтың алдын алу
1 наурыз – Алғыс айту күні
СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев Якорь округінің тұрғындарымен кездесті
Өңірде жұма намазын жамағатпен оқуға рұқсат берілді