Құрылыс

Биыл Береке ықшам ауданында 5 үй қолданысқа тапсырылады

Береке ықшам ауданында көпқабатты 5 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бесеуі де жыл соңына дейін қолданысқа тапсырылуы тиіс. Нәтижесінде, әкімдік кезегінде тұрған 556 жерлесіміз баспанамен қамтылады.

Соңғы үш жылда 5-ші Сенная көшесінде көпқабатты үйлер көптеп тұрғызылуда. Бұл шаруа биыл да жалғасын тапты. Мына 5 қабатты үй жоспар бойынша “П” әрпі тәріздес болмақ. Мұндағы жұмыс қызу жүріп жатыр. Бір бөлігінің іргетасы құйылып жатса, ал келесі бөлігінің кірпіші қалануда.

Кірпіш қалаумен бұл жерде 11 адам айналысады. Солардың бірі – Юрий Гусельников. Азаматтың құрылыс саласында жүргеніне – 15 жыл. Айтуынша, кірпіштен салынатын үйге біраз уақыт жұмсалады, ал панельді баспаналар жылдам тұрғызылады.

Юрий Гусельников “ЛИРА” ЖШС тас қалаушысы:

– Бұл үйлер кірпіштен тұрғызылып жатыр. Сондықтан, біраз уақыт кетеді. Мәселен, бір поддон кірпішті қалау үшін шамамен 3 сағат уақыт жұмсалады. Сондай-ақ, бұл процесс кезінде үзіліс жасауға болмайды. Әйтпесе, цементтен жасалған ерітінді қатып қалады.

Жаңадан бой көтеріп жатқан бұл 5 қабатты үйдің құрылысы “ЛИРА” серіктестігіне сеніп тапсырылған. Мамандар шаруаға өткен жылдың көктемінде кіріскен екен. Бірақ, басында 2 айға жұмыстары тұралап қалыпты. Себебі, кейбір жер үйлер сырылып үлгермеген көрінеді. Дегенмен де іске жауапты компанияның директоры Андрей Радченко жұмысты жоспарға сай жүргізіп жатырмыз дейді.

Андрей Радченко – “ЛИРА” ЖШС директоры:


– 5 қабатты баспана ескі жер үйлердің орнында тұрғызылып жатыр. Бүгінде үйдің бір бөлігінің кірпіші қаланып, терезелерін орнатып жатырмыз. Құрылыс материалдарының барлығы отандық. Жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Бұл жерде 40-қа жуық маман еңбек етуде. Тамыз айында қолданысқа тапсыруымыз тиіс.

Мұнда тамыз айында 300 отбасы қоныс тойын тойлайды деп жоспарланып отыр. Баспана 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлерден тұрады. Жалпы, 5 қабатты тұрғын үй жалдамалы. Яғни, пәтерлер әкімдік кезегінде тұрған азаматтарға берілмек. Бұдан бөлек, биыл Береке ықшам ауданында тағы 2 көпқабатты панельдік тұрғын үй қолданысқа тапсырылмақ. Онда 256 пәтер болады.

Нұрболат Мұжикенов – Петропавл қаласы бас сәулетшісінің міндетін атқарушы:

– Береке ықшам ауданында салынып жатқан 5 үйдегі пәтерлердің саны – 556. Жоспар бойынша пәтерлер жаз айының соңында қолданысқа тапсырылады. Бұдан бөлек, аталған ауданда 3 бірдей көпқабатты тұрғын үй салынады. Олардағы пәтерлерді тұрғындар “Отбасы” банкі арқылы ала алады. Әзірге, үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде.

Жалпы, биыл қалада еңкіш тартқан 330 баспана сүрілмек. Олардың орнында көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтермек.

Дана Сәлімқызы