МТРА жаңалықтарыБилік

Бүгін Ақжар ауданының әкімі онлайн-есеп берді

Сүт өндіретін кәсіпорын саны аз, жалғыз ауруханада балалардың тіс дәрігері жоқ, кей агроқұрылымдар жерді дұрыс пайдаланбаған. Былтыр Ақжар ауданында әр сала бойынша төмендеу байқалып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырылған жобалар да тиісті деңгейде жүзеге асырылмаған. Аталған мәселелер биыл қалай шешілмек? Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ақжар ауданы әкімінің есеп беруінде оған қандай тапсырмалар жүктеді.

Былтыр Ақжар ауданында тозығы жеткен 4 мектеп жөндеу көрген. 10 ауылда су таратушы желі қалыпқа келтіріліп, 10 мыңнан астам тұрғынға таза тіршілік нәрі жетіп отыр. Аталған іс биыл да жалғасын таппақ. Сондай-ақ, 40 шақырымға жуық жолға асфальт төселген.

Қанат Қалиев – Ақжар ауданының әкімі:

– 15 шақырым – облыстық, қалғаны – аудандық маңызға ие жолдар. Бұл учаскелерді жөндеу жұмыстарына 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Шаруаны «Көкшетау жолдары» және «ВТВ Тайынша» серіктестіктері атқарды.

Бұл бағытта біраз іс атқарылғанымен, ауыл шаруашылығы ақсап тұрған көрінеді. 4 ірі агроқұрылым жерді дұрыс пайдаланбаған. Егер бұлай жалғаса берсе, жер заң жүзінде Үкіметке қайтарылады деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазір заң талаптары күшейтілген. Жер 1 жыл қолданылмаса, мемлекет қорына қайтарамыз. Жұмыс істейтін азаматтарға береміз. Мен үнемі айтып отырамын. Жер мемлекеттікі. Алсаң, жақсылап жұмыс істе.

Былтыр біраз ауданда сүтті мал бағытында 10-20 пайыз көлемінде алғабасушылық байқалса, Ақжарда керісінше төмендеген. Мұнда сүт өндіретін бір-ақ кәсіпорын бар. Сол себепті, ауданда 2 сүт фермасының құрылысы бастау алмақ. Жиында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқандығы жайлы да сөз қозғалды. Былтыр Ақжар ауданында 12 жоба қаржыландырылған. 2 бастама сәтті жүзеге асырылып жатыр. Алайда, қалғаны бойынша әлі күнге дейін тиісті нәтиже жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жаңа жобалардың жоқтығынан инвестиция көлемінің төмендеуі байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 11,1 пайызға азайды. Ақжар – төмендеуге жол берген облыстағы жалғыз аудан.

Өткен жылы аудандағы жалғыз аурухананың материалдық базасы жаңартылыпты. Реаниматолог мониторы, 2 электрокардиограф, кардиологиялық диагностикалық жүйе, жылжымалы медициналық кешен сатып алыныпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Нәтижесінде бірқатар медициналық көрсеткіштері жақсарып отыр. Қан ауруынан қайтыс болу – 32, ми тамыры жүйесінің бұзылуынан – 9,1, инфарктан 3 есеге төмендеді. Сондай-ақ, туберкулез ауруы – 7,8 есе, онкология 47,7 процентке төмендеді.

Бірақ, аудандағы жалғыз ауруханада балалардың тіс дәрігері жоқ болып шықты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:


–  Это неправильно! Вы что вынуждаете людей ездить в город таким образом.

Өңір басшысы бұл мәселені биылдан қалдырмай шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Талшық ауылында ауданаралық аурухана салынбақшы. Құмар Ақсақалов мекеменің іші толықтай заманауи құрылғылармен жабдықталатындығын айтты. Ең күрделі деген отадан басқа қызметтердің барлығы осы ауруханада көрсетілетін болады. Есеп беру барысында тұрғындар тарапынан 20-дан астам сұрақ келіп түсті. Басым бөлігі интернет жылдамдығының төмендігін, елді мекендерде жол мен шағын спорт алаңдарының жоқтығын айтқан. Аталған мәселелер де көп ұзамай шешімін табады деп уәдесін берді аудан әкіміҚанат Қалиев.

Маржан Қасымбек