Қоғам

Тәуелсіздік құрдастары ардагерлер кеңесіне қатысты

Ата-баба сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікке биыл – 30 жыл. Осыған орай бүгін облыстық ардагерлер кеңесінде  Тәуелсіздік құрдастарымен кездесу өтті. Жиында мемлекет басшысының таяуда жарық көрген мақаласы талқыланды және аға буын өкілдері жастарға егемендіктің мән-маңызын кеңінен баяндады.

Екатерина Чагочкинаны Тәуелсіздіктің төл құрдасы деп айтуға болады. Ол ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа сәл қалғанда, нақтырақ айтсақ, 90-шы жылдың наурызында туылған. “Қазіргі таңда Қазақстанмен бірге өсіп, кәсіби тұрғыда дамып келе жатырмын”,- дейді. Екатерина мұны мақтанышпен айтады. Нәзікжанды жергілікті Қозыбаев университетінде ұстаздық қызмет атқарып, жастарды білім нәрімен сусындатып жүр. Бос уақытында волонтерлықпен де айналысады.

Екатерина Чагочкина – қала тұрғыны:

– Еліміздің дамуына, гүлденуіне Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өлшеусіз үлес қосты. Біз Тұңғыш Президент салған сара жолды жалғастыруымыз қажет. Білім алып, еңбек етіп дегендей. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ, тәуелсіз мемлекетіміз биік белестерді бағындырады. Мен оған сенімдімін!

Бүгінгі жиынға Екатерина Чагочкинаның қатарластарынан бөлек, аға буын мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты. Олар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда жарық көрген “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласын егжей-тегжейлі талқылады. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин азаттық атаның қаны, ананың көз жасымен келді дейді. Сондықтан, әрбір жан тәуелсіздіктің қадірін білуі қажет.

Жангелді Тәжин – Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– 30 жыл – қас қағым сәт. Сол аз уақыт ішінде мемлекеттігімізді құрдық, іргелі ел болдық, шекарамызды бекітіп, өз тарихымызды жасадық. 2-22 Жастарға біз тәуелсіздіктің қалай келгендігін айтқымыз келеді.

Жиында ел дамуына сүбелі үлес қосқан солтүстікқазақстандық Валерий Маслов марапатталды. Еңбек ардагеріне “Мағжан Жұмабаев ауданының Құрметті азаматы” атағы берілді.