Құқық қорғау органдары

Полицейлер емханада ұрлық жасаған баукеспені ұстады

Петропавлдық полицейлер емханада жасалған ұрлықтың ізін суытпай ашты.

Зейнеткер сырт киімін киімжайға тапсырмай, бөлменің алдында қалдырып, дәрігердің қабылдауына кірген. Шыққан кезде курткасы мен ұялы телефоны орнында болмайды. Бірден полиция қызметкерлеріне хабарласады. Жедел жеткен мамандар камера түсірген бейнежазбаларды қарап, өзгенің заттарымен сыртқа шығып бара жатқан жанды анықтайды. Көп кешікпей қолының жымысқысы бар адам Ойқала ықшам ауданында ұсталады. Ол – бұрын сотталған, 52 жастағы қала тұрғыны. Жалпы құны 120 мың теңге болатын дүниені қолды қылған күдікті кінәсін мойындап отыр. Оңай олжаны сатып жібермекші болыпты. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұрланған сырт киім мен телефон тергеу аяқталған соң иесіне қайтарылмақ.

Ешкенова Дана