МТРА жаңалықтары

“iKomek” орталығына қар тазалау бойынша 250-ге жуық шағым түскен

Қаламыздағы “iKomek” орталығына бір күнде қар тазалау мәселесі бойынша орта есеппен 20-ға жуық адам жүгінеді. Ал қараша айынан бері 250-ге тарта өтішін түскен.

Қала тұрғыны Юрий Игнатов Урицкий көшесінде тұрады. Қыс келсе, қолына күрек алады. Ауласын өзі тазалайды, ал үйіне жақын көше бойын коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері жинап өтеді.

Юрий Игнатов – қала тұрғыны:

– Жуырда арнайы техника келіп, көшемізді тазалап кетті. 2 күн қатарынан жұмыс істеді. Шаруа түнгі уақытта тындырылды. Жұмыстың уақытында атқарылғаны жақсы. Жүріп-тұруға жеңіл әрі артынан қарай көктемде су баспайды. Дегенмен, әр адам жұмысшыларды күтпей, үйінің маңайын мүмкіндігінше таза ұстауы керек деп ойлаймын.

Осы көшенің тағы бір тұрғыны Любовь Швец керісінше өзінің наразылығын білдірді. Айтуынша жұмысшылар көшедегі қарды тазалап жүріп, қақпасының алдына үйіп кеткен.

Любовь Швец – қала тұрғыны:

– Қарды қақпаның алдына үйіп кеткен. Артық қыламыз деп тыртық қылды.

Қар тазалауға қатысты сұрақтардың барлығы қалалық әкімдіктегі “iKomek” орталығына түседі. Бұл ретте мамандар жұмысты рет-ретімен орындаймыз деп отыр. Айта кетейік, Петропавлда қар тазалаумен 20 кәсіпорын айналысады. Арнайы техника саны – 300.

Никита Фефелов – “iKomek-109” орталығының талдаушысы:

– Қысқы уақытта келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі қар тазалауға қатысты. Орта есеппен күніне 20-ға жуық адам жүгінеді. Мұндай мәселелерді бір-екі күннің ішінде шешуге тырысамыз.

Қараша айынан бері орталыққа қар тазалау мен оны шығару бойынша 250-ге жуық өтініш түскен.

Жанна Бисенова