COVID-19: Қазақстан

Екі күн ішінде 780-ге жуық жерлесімізге вакцина қойылды

Коронавирусқа төтеп берудің жалғыз нәтижелі жолы – вакцина алу. Өңірде иммундау шарасының алғашқы кезеңі  апта соңына дейін аяқталмақ. Екі күннің ішінде 780-ге жуық ақ халаттыға / ресейлік “Спутник V-дің” алғашқы компоненті егілді. Бүгінде ақ қайыңдар өлкесінде ковид-19-ға қарсы препарат / 19 қосында қойылып жатыр.

Наталья Помазанова – 14 жылдың еңбек өтілі бар дәрігер. Осы уақыт ішінде нәзікжанды талай адамды өлім аузынан құтқарды. Бірақ, кәсіби мансабындағы ең күрделі кезең 2020-ның наурызында басталды. Дәл сол уақытта ақ халатты бірінші қалалық аурухананың инфекциялық бөлімшесіне ауыстырылып, өңірде коронавирусқа шалдыққан алғашқы науқасты қабылдады. Содан бері ол күнделікті сырқат адамның өмірін сақтап қалу үшін барын салып арпалысуда.

Наталья Помазанова – №1 қалалық аурухананың инфекционист-дәрігері:

– Бірінші қалалық аурухананың инфекциялық стационарына күн сайын орташа ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастар келіп түсуде. Созылмалы аурулары бар немесе жасы үлкен адамдарға дертке төтеп беру өтке қиын. Өңірде эпидахуал әлі де күрделі деп бағалануда.

Инфекционист-дәрігер Ғалия Сыздықова да әріптестерімен бірге мамандардың бақылауынан өтіп, вакцинаға рұқсатын алды. Иммундау шарасынан өткен соң ақ халатты бірден жұмысына оралмақ. Себебі, көзге көрінбес тәжді вируспен күрес әлі біткен жоқ. Оған тосқауыл қоюдың жалғыз жолы – ковид-19-дан қорғайтын вакцина алу.

Ғалия Сыздықова – №1 қалалық аурухананың инфекционист-дәрігері:

– Көптеген инфекциялық аурулардан қорғанудың жалғыз нәтижелі амалы вакцина алу екенін жақсы білеміз. Дерт жеңіл немесе ауыр формада өтуі мүмкін. Індет асқынып кетпесі үшін иммундау шарасынан өту – міндет. Біз күнделікті ковид-19-ға шалдыққан науқастармен жұмыс істейміз. Сондықтан, екпе алуға ойланбастан келістік. Қорқып, уайымдауға негіз жоқ.

Ағымдағы аптада өңір бойынша вакциналаудың алғашқы кезеңі аяқталады деп жоспарланып отыр. Осы лекте 1200-ге жуық ақ халатты иммундау шарасынан өтті. «Спутник V-дің» бірінші компонентін алғаннан кейін 21 күннен соң жерлестерімізге екінші компоненті қойылады. Жалпы, екі күн ішінде өңірде 777 адамға коронавирусқа қарсы екпе егілді.

Эльмира Сәдуақасова