Құқық қорғау органдары

Патрульдік полиция көлігінің макеттерін пайдаланудағы мақсат неде?

Өткен жылы облыс аумағында 250-ге жуық  жол-көлік апаты тіркелген. 315 адам жарақат алып, 37 адам қаза тапқан. Жолдағы соқтығысулардың дені  жылдамдықты шамадан тыс асыруға қатысты. Бүгінде өңір бойынша  көлік ағыны көп жерлерде  патрульдік полиция машинасының макетін қою  бастама ретінде қолға алынып отыр.

Жанна Бисенова – тілші:

– Бұл – Бескөл маңында орналасқан жол-патрульдік полиция көлігінің макеті. Алыстан қарағанда тура шынайы машина сияқты. Алайда, сәл жақындасақ пластик екенін аңғарамыз.

Пластик болса да дөңгелектері кәдімгісінен аумайды. Төбесінде жарықшам жарқылдап тұр. Көлікке, тіпті, арнайы нөмір де берілген. Осындай жасанды машинаның әрқайсысы 180 мың теңге тұрады. Облыс аумағында 14-і бар. Мақсат – көлік ағыны күшті жерлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Бұл автокөлік макеттерінің, әсіресе, түнгі уақытта қызыл және көк түсті жарқылдауық маяктары жағылған кезде пайдасы зор. Себебі, жолда келе жатқан жүргізуші мынадай “машинаны” көрген кезде зейінін арттырып, жылдамдығын бәсеңдетеді, жол қозғалыс ережелерін бұзбауға тырысады.

Ызғытып келе жатқан жүргізуші алыстан полиция көлігін көрген кезде жылдамдығын түсіретініне мамандар сенімді. Бірақ, жолда жүру ережесінің сақталуына қаншалықты ықпал еткенін дөп басып айта алмады. Осы ретте жүргізушілердің өздері не ойлайды? Дәл осы жерден күніне бірнеше рет өтетін адам қызметтік көліктің жасанды екенін біледі, ал білмейтіндері біраз баяулайды. Дегенмен, тұрғындардың дені адам рөлге отырғаннан кейін жауапкершілікті сезініп, тиісті ережені сақтап жүрулері керек дейді.

– Жүргізушілер макетсіз де тәртіпті бұзбауы керек. Ал жылдамдықты арттырмау үшін жол бойында арнайы белгілер тұр ғой. Құқық бұзушы толыққанды жауапқа тартылуы қажет.

– Муляж көліктердің пайдасы бар деп санаймын. Мен макетті көрген кезде автоматты түрде жылдамдықты төмендетемін. Оларды қала көшелеріне де қойса деген тілегім бар.

Жасанды көлік жылжымалы. Мамандар апаттың қай жерде жиі болатынына байланысты макетті сол аумақтарға көшіріп отырамыз дейді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, муляжға зиян келтіргісі келетін жандар да жоқ емес.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– Өткен жылы патрульдік автокөлік макетін сындыру фактісі тіркелді. Оқиға Тайынша ауданы Келлеровка ауылында орын алды. Құқықбұзушы – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Ол әкімшілік жауапқа тартылды, 5 АЕК көлемінде айыппұл төледі.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 6 жол-көлік апаты тіркелді. Салдарынан 7 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапқан.

 

 

 

 

 

Бисенова Жанна