Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге Чехияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі келді

Өңірге Чехияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудолф Гикл келді. Мәртебелі мейманды облыс әкімі Құмар Ақсақалов қабылдады. Кездесуде мал және балық шаруашылығын дамытуға қатысты екіжақты тиімді тұстар талқыланды.

Жиында алғаш болып облыс әкімі Құмар Ақсақалов сөз алды. Аймақ басшысы аққайындар өлкесінің жетістіктерін жіпке тізіп, ауыл шаруашылығына кеңінен тоқталды. Бұл сала Чехия Республикасының өкілдеріне де жақсы таныс.
Себебі, біздің өлке оларға жыл сайын зығыр, рапс және күнбағыс экспорттайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ал біз сіздерден өңірімізге жылда асыл тұқымды мал жеткіземіз. 2019 жылы жергілікті 22 шаруашылық Чехиядан симментал тұқымды ірі қара сатып алды. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда. Нәтижесінде екі ел арасында тығыз әріптесік орнауда.

Бұл әріптестікті одан бетер нығайту мақсатында Құмар Ақсақалов өңірде генетикалық орталық ашуды ұсынды. Яғни, асыл тұқымды сиырларды алыстан жеткізбей, осында өсіруге болады. Ол үшін бізге инвесторлар қажет. Егер Чехия тарапынан қолдау болса, нұр үстіне нұр. Оның үстіне аймақта мал шаруашылығының даму қарқынын ескерсек, мұндай орталықтың ашылуы әбден мүмкін. Облыста өңдеу саласы да қарқын алуда. Өңір басшысы Елшіге Еуропада сұранысқа ие биоэтанол өндірісі туралы айтты. Астықты терең өңдейтін солтүстікқазақстандық зауыт әріптестікке де, өнімін экспортқа шығаруға да әзір деуге болады. Чехия Республикасының экономикасы өңдеу өнеркәсібіне негізделген. Яғни, ел жаңа және перспективалы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытуда.

Рудолф Гикл – Чехия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

– Около 900 млн – 1 млрд долларов в год, в основном торговля приходится на нефть из Казахстана. Где-то две трети – одна треть наш экспорт.

Кездесу барысында екі жақ өзара тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жайын талқылады. Солардың бірі балық шаруашылығына қатысты. Еліміздегі 6 мың көлдің тең жартысы біздің өңірде орналасқан. Дені экологиялық таза балыққа бай. Бірақ, өңір тұрғындары бұл өнімді аса көп тұтынбайтын көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Күнделікті жейтін тағамдарымызға балық өнімдерін көптеп қосу керек. Мүмкіндігінше балықты өзімізде өсірген дұрыс. Себебі, теңіз аққайыңдар өлкесінен алшақ орналасқан. Қажетті дүниені жеткізу біраз қиындық туғызады. Бізде оны өсіруге де, өңдеуге де болады. Бірақ, әлі бұл істі қолға аламын дейтін бизнесмендерді кездестірмедік. Сондықтан, чехиялық азаматтарды өңірімізге келіп, кәсіп бастауға шақырамын.

Жалпы, біздің облыс экологиялық таза өнімге қатысты бірқатар жобаларды да ұсына алады. Аққайындар өлкесінде табиғи таза сүт өндіріледі. Онымен қоса, жұмыртқа өндірісі де қарқынды дамуда. Кейбір елдер бұған аса қызығушылық танытады. Аталған жобалар Чехия елшісінің қызығушылығын тудырды. Сондай-ақ, жиын барысында Құмар Ақсақалов әр инвесторға қолдау көрсетілетіні жайлы да атап өтті.

 

Ешкенова Дана