ҚоғамКөлік және жолдар

Өңір жолдары қардан қалай тазартылып жатыр?

Өңір жолдарын қардан тазалау жұмыстарының сапасы қандай деңгейде? «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің өкілдері “Сапалы жол” акциясы аясында кезекті тексеріс ұйымдастырды. Мониторингілік шара қаладан алыс емес жерде, нақтырақ, Қызылжар ауданында өткізілді.

Березовка – шағын ауыл. Қаладан 2-3 км жерде орналасқан. Сәйкесінше жанынан облыстық маңыздағы жол өтеді. Жолдың үсті таза, бірақ дәл сол жердегі ауылға кіреберіс тұс, аялдама маңы назардан тыс қалыпты. Қар үйіліп қалған.

«Qyzyljar – Adaldyq alańy»-ның өкілдері айтпаса, бейінді басқарма мамандары бұл жайттан хабарсыз болып шықты. Олқылықты Ташкентка ауылының жанынан да байқауға болады. Шаруаның жүрдім-бардым атқарылғандығы айтпаса да көрініп тұр.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Пресновка селосы маңындағы көрініс те көңіл қуантпайды. Мұндағы ақ ұлпа мүлде тазаланбаған. Елді мекен тұрғындары аялдамаға жету үшін тізеден қар кешуге мәжбүр.

Қызылжар ауданындағы облыстық маңыздағы жолдарды, ал бұл 156 шақырым және ондағы аялдамаларды қардан аршуға және күтіп-ұстауға облыстық бюджеттен 53 млн теңге бөлінген. Жауапты іс «Петропавл жолдары» серіктестігіне сеніп тапсырылған.

Евгений Осмехин – «Петропавл жолдары» ЖШС бас инженері:

– «Петропавл жолдары» серіктестігінде 300-ден астам қызметкер еңбектенеді. Қыс кезінде қар тазалау жұмыстарына 90 бірлік техника жұмылдырылады. Мамандар екі ауысым бойынша тер төгіп жүр.

Бір сөзбен айтқанда, мамандар да, техника да жеткілікті. Бірақ, шаруа неге шала атқарылуда? Бұған серіктестіктің бас инженері былай деп жауап берді.

Евгений Осмехин – «Петропавл жолдары» ЖШС бас инженері:

– Техниканың қозғалуы оңай болсын депең алдымен жолдың үсті тазаланады. Одан соң асфальттің жиегінде үйілген қарды жинап, арнайы полигонға апарып төгеміз. Бұл істің бәрін техника атқарғандықтан, аялдамаға жақындай алмайды. Ал жаяу жұмысшылар келгенше біраз уақыт күту керек.

Айтуынша, яғни қол күші келгенше күте тұруға тура келеді. Бірақ, қашан жететінін дөп басып айтпады. Шамамен, 1-2 күнде тазалануы тиіс.

Әлібек Нәбиев – «Qyzyljar – Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің менеджері:

– Аялдамаларға қатысты мәселе алдағы 1-2 күнде шешімін таппақ. Оны назарда ұстайтын боламыз. Осы ретте айта кететін жайт, жолдардың тазалану сапасы бойынша шағым-тілектерін тұрғындар “Ашық бюджеттердің интерактивті картасы” арқылы білдіре алады немесе біздің кеңсемізге хабарласа алады.

Желтоқсан айынан бері жобалық кеңсе өкілдері “Сапалы жол” акциясы аясында 25 рет мониторинг жүргізген. Қар тазалау жұмыстарының сапасына қатысты тексеру шаралары негізінен облыстық және республикалық маңыздағы жолдарды қамтыған.

 

Маржан Касымбек