Құқық қорғау органдары

ЕС-164/6 мекемесіне өтініш-шағым білдіруге арналған терминал орнатылды

ЕС-164/6 мекемесіне өтініш-шағым білдіруге арналған терминал орнатылды. Жазасын өтеп жатқан қыз-келіншектер құзырлы органға деген хаттарын енді электрондық форматта жолдай алады. Жалпы, мұндай заманауи құрылғы облыста 5 бірдей түзету мекемесінде жұмыс істеп тұр.

ЕС-164/6 мекемесінде 200-ге жуық қыз-келіншек жазасын өтеп жатыр. Елордалық Айзада Төлегенова 5 жыл бұрын алаяқтық жасалғаны үшін сотталған. 38 жастағы келіншек 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылыпты. Сөз барысында нәзікжанды қалыпты өмірді аңсағанын айтып қалды. Былтыр жазбаша түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш те беріпті. Алайда, хаты кері қайтарылған көрінеді. Алдағы уақытта тағы өтініш білдірмек. Бұл жолы қағаз жүзінде емес, колонияда орнатылған терминал арқылы, электрондық түрде.

Айзада Төлегенова – жазасын өтеуші:

– ЕС-164/6 мекемесіне осындай терминалдар орнатылды. Жаңашылдықтың сотталғандарға деген өзіндік пайдасы зор. Барлық өтініш-шағымдарды электрондық форматта беріп, қаралу мерзімін бақылай аламыз.

Жалғыз Айзада емес, сотталғандардың барлығы өтініш-шағымдарын электронды түрде бере алады. Бұл жолданған хаттарды аз уақыттың ішінде қарауға мүмкіндік бермек. Терминалды қолдануда қиындық жоқ. Өтініш жолдау барысында жазасын өтеушілер өздерінің жеке деректерін енгізіп, саусақ ізімен растайды.

Роза Жолаушинова – СҚО прокурорының көмекшісі:

– Өтініштерден бөлек, сотталғандар қылмыстық құқық бұзушылық болса, мекеме қызметкерлері өкілеттіктерін асыра пайдаланса, басқа сотталғандардың заңсыз әрекеттерін көріп қалса, құзырлы органдарға осы терминал арқылы шағымдарын білдіре алады. Құрылғы жазасын өтеушілерге ғана арналған, яғни оны мекеме қызметкерлерінің қолдануына тыйым салынған.

Бүгінде мұндай дүние облыстағы 5 бірдей түзету мекемесінде бар. Барлығы – 8 терминал. Заманауи бір қондырғының құны 600 мың теңгені құрайды. Жабдықтарды сатып алуға жұмсалған қаражат ел қазынасынан бөлінген.

 

Ешкенова Дана