COVID-19: Қазақстан

Ақпанның бірі облыс бойынша 235 адамға вакцина қойылды

Өңір бойынша 235 адам коронавирусқа қарсы екпе қабылдады. Бұл -вакциналаудың алғашқы күнінің нәтижесі. Қазір шаруа облыста 19 қосында жүріп жатыр. Ресейлік “Спутник V”-дің бірінші компоненті инфекциялық стационар, жедел жәрдем, жан сақтау бөлімі мен алғашқы медициналық қызмет көрсететін емдеу мекемелерінің мамандарына қойылып жатыр. Тура 21 күннен кейін ақ халаттылар екінші компонентін алатын болады.

Оқытушыдан 1-ші санаттағы медбикеге айналды. Маржан Койшина тамыздың 17-сіне дейін қаладағы медициналық колледжде ұстаз болып еңбектеніпті. Өңірдегі эпидахуалдың өршуіне байланысты ақ халатты қалалық көпбейінді аурухананың инфекциялық стационарына ауысқан. Міне, жарты жыл бойы ол алғы шепте жүр. Күнделікті нәзікжанды өзге әріптестерімен бірігіп коронавирусқа шалдыққан жерлестеріміздің өмірін құтқару үшін барын салуда. Тәжді вирустан емдеймін деп, өзі де науқастанып қалмас үшін ол бүгін вакцина алды.

Маржан Койшина – қалалық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің медбике:

– Вакцина алуымыз қажет. Бұл біздің әрі қасымыздағы адамдардың денсаулығы үшін қажет. Сондықтан, вакцина алдым. Жағдайым жақсы. Температурам жоқ. Үш күн ішінде дәрігерлер тексереді, қарайды.

Маржан Койшинаның өзге әріптестері қазір кезектерін күтіп отыр. Мамандар алдымен дәрігердің толық қарауынан өтеді. Дене қызуы, қан қысымы, аурулар тарихы, қандай да бір препаратқа аллергиясы бар ма, жоқ па – сонысы тексеріледі. Егер жағдайы нормаға сай болса, екпе алуға жолдама беріледі. Кеше қалалық көпбейінді аурухананың – 20, бүгін 30 медициналық қызметкері коронавирусқа қарсы иммундалуға ниет білдіріпті. Ақ халаттылар “Спутник V”-дің алғашқы компонентін алды, екіншісі тура 3 аптадан кейін қойылады.

Руслан Тасов – қалалық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

– Вакцина қойғаннан кейін дене температурасы сәл көтеріліп, әлсіздік сезілуі мүмкін. Тағы әдетте екпе қойған жер қызарады. Бірақ, уайымдауға негіз жоқ. Бұл – ағзаның кез келген бөгде затқа әсері. Аталған симптомдар бір тәулік ішінде байқалады.

Ковид-19-ға қарсы иммунитет екінші компонентті алғаннан кейін 21 күн ішінде қалыптасады дейді мамандар. Содан бастап аурудан қорқудың қажеті жоқ. Коронавируспен “бетпе-бет” кездескеннің өзінде, ол еш асқынусыз, өте жеңіл формада өтеді. Вакцинаның қажеттілігі де сондықтан. Бұл – көзге көрінбес дерткен төтеп берудің жалғыз амалы. Әзірге, елімізде екпе тек ақ халаттыларға қойылуда. Кейін кезек ұстаздар мен полицейлерге, студенттер мен созылмалы аурулары бар жандарға келіп жетеді. Облыс бойынша препарат 19 пунктте қойылуда. Солардың екеуі №3 қалалық емханаға қарасты.

Сәбира Даирова – №3 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

– Бізде екі пункт бар. Біріншісі осы емханада, екіншісі – фтизиопульмонология орталығында.

№3 қалалық емханаға алғашқы кезеңдегі вакциналау үшін 240 доза беріліпті. Екпе алатын жандардың тізімінде бүгінде 213 адам бар. Шаруаны мамандар бейсенбіге қарай аяқтауды көздеп отыр.

 

Эльмира Садвокасова