Konstitutsia banner mobile

Ауа райы

Ақпан айына арналған ауа райы болжамы

Ақпанның алғашқы күндері өңірімізде қар жауып, тұман түспек. Жекелеген аумақтарда бұрқасын соғуы да ықтимал. Кейін сынап бағанасы біртіндеп көтерілмек.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Бүгін ақпанның екінші күні. Сынап бағанасы -9 градусты көрсетіп тұр. Далада кәдімгідей көктемнің лебі сезіледі. Синоптиктердің айтуынша, өңірімізде мұндай температура осы жұманың соңына дейін сақталмақ.

Файруза Билалова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде -7-12, кей жерлерде 17 градус аяздан – 3-8, кей жерлерде 11 градус аязға дейін, күндіз – 0-5, кей жерлерде 9 градус аяздан – 0-5 градус аяз, кей жерлерде 3 градусқа дейін жоғарылайды.

Алайда, далада күн жылы болғанымен қалың киімді алысқа тастауға асықпау керек. Себебі, Қазгидромет мамандарының сөзінше, ақпанның 3-і мен 6-сы аралығында облыс аумағында кей жерлерде қар жауып, жел күшейеді, онымен қоймай тұман түсіп, бұрқасын соғуы мүмкін.

Файруза Билалова – «Қазгидромет» РМК СҚОФ инженер-синоптигі:

– Екінші онкүндікте ауа температурасы түнде – 20-25 градус аяздан 8-13, кей жерлерде 18 градус аязға, күндіз 13-18 градус аяздан 3-8 , кей жерлерде 11 градус аязға, кей жерлерде 0-5 градусқа дейін көтерілуі мүмкін деп болжануда. Ал үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде – 18-23, кей жерлерде – 28 градусқа дейін, күндіз – 10-15 градус аяздан кей жерлерде 18 градусқа дейін біртіндеп төмендейді деп күтілуде.

Сондай-ақ, ақпанда жауын-шашын мөлшері нормадан асады деп болжануда. Сөз соңында, әдеттегідей өткенге тоқталып өтсек. Петропавл қаласы бойынша ақпандағы ең суық күн осыдан 70 жыл бұрын тіркеліпті. Онда сынап бағанасы -42 градусты көрсеткен екен. Ал ең жылы күн 2016 жылы болған. Айдың 26-шы жұлдызында ауа температурасы +7 градусқа дейін көтерілген.

Казиканова Алтынай