ТЖ

СҚО-да өрт оқиғалары көбейді

СҚО-да өрт оқиғалары көбейді. Бір айдың ішінде 70-тен астам жайт тіркелген. Бұл өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда, тіпті, екі есеге көп. Салдарынан 10 адам жарақат алып, 8 адам қаза тапқан. Тілсіз жаудың басым көпшілігі жеке секторда тіркеліп отыр.

Өңірде өрт оқиғалары тыйылар емес. Жылыту маусымы басталғалы бері жеке тұрғын үйлерден от шығу, газдан улану фактілері жиілеген.
Өткен жұмада да құтқарушылар біраз дүрлікті. Соңғы жағдай күні кеше ғана қаладағы Қожаберген жырау көшесі, 26/4 мекенжайында орын алды. Мұнда газ баллоны жарылған.

Айдар Мұсатаев – СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:

– Кешкі 9 шамасында газ баллоны жарылып, артынша өртке ұласқан. От 4 шаршы метр жерді шарпыды. Ас бөлмедегі  жиһаздар жанып кетті. 15 адамды қауіпсіз жерге шығардық. Жарақат алғандар жоқ.

Жалпы, қаңтар айында облыс аумағында 73 өрт оқиғасы болған. Басым көпшілігі облыс орталығында тіркеліп отыр. Салдарынан 10 адам жарақат алып, 8 кісі көз жұмды. Қайғылы жайттардың бірі өткен айдың 28-ші жұлдызында Айыртау ауданында орын алды.

Айдар Мұсатаев – СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары:

– Арықбалық ауылында үй өртенді. От шатырдан басталып, кейін отын қораға ауысқан. Өкінішке қарай, 55-ші жылғы әйел адам көз жұмды. 54 жылғы ер адамды күйік шалған. Ол ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Өрт сөндірушілердің айтуынша статистиканың өсуіне – отқа деген немқұрайлық себеп. Мамандар тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік шараларын ұстанып жүруді ескертеді.

Алдияр Айтпаев